Шаш ал десе бас алатындар бар - Сайыров

Мәжіліс отырысында депутат Ерлан Сайыров Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловқа ашық сұрақ қойды. Негізгі мәселе - Қазақстандағы құс шаруашылығы, оған бөлінетін субсидия тақырыбы, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутат Болат Керімбектің сауалы

Депутат Болат Керімбек Әлихан Смайыловқа құс шаруашылығын қаржыландыру мәселесі жөнінде сауал жолдады.

"Соңғы 5 жылда құс етімен өзін-өзі қамтамасыз ету 55 пайыздан 73 пайызға артқан болатын. Өндіріс көлемі жылына 16 пайызға өсті. Тиісінше қазақстандықтардың мұздатылған құс етін тұтыну көлемі азая түсті. Осындай оң көрсеткішке қарамастан, сіз қандай әдістемеге сүйене отырып, құс шаруашылығын субсидияландыру тиімсіз деп отырсыз?" - деді депутат.

Смайыловтың жауабы

Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов депутаттың сауалына жауап берді.

"Қазақстанда ішкі нарықты отандық құс етімен қамтамасыз ету үшін жыл сайын өте үлкен қаражат бөлінеді. Былтыр 32 құс етін өңдейтін кәсіпорын 22 млрд теңге субсидия алды. Ұлттық статистика бюроның ресми деректеріне сүйенсек, былтыр ішкі нарықта құс етінің импортының үлесі 34 пайыз болды. Бұл дегеніміз - ішкі нарықты әлі де отандық құс етімен қамтамасыз ете алмай отырмыз деген сөз. Қазақстанда өндірілетін құс еті орта есеппен ішкі нарықта көтерме бағада келісіне 1200 теңгеге сатылады. Бөлшек саудада келісі - 1400 теңге. Ал сол субсидияланған құс еті көрші елдерге көтерме бағамен келісіне 800-900 теңгеге сатылады. Біздің ойымызша, осы өнім ішкі нарықта осындай төмен бағамен сатылса, ішкі нарықтағы тұтынушылардың сұранысы көбірек болады. Импорттың үлесі де төмендейді. Сондықтан құс етіне бөлініп жатқан субсидияның тиімділігі жеткіліксіз. Құс етін өндіретін кәсіпорындарға тиісті қарсы міндеттемелер қойылуы керек", - деді ол.

Депутат Сайыровтың реакциясы

Бұл мәселеден депутат Ерлан Сайыров та тыс қалмады.

"Әлихан Асханұлы, Қазақстанның құс шаруашылығына шүйліккеніңіз барлығымызды алаңдатып отыр. Бұл жұмыстың нәтижесі цифр емес, жұмыстың нәтижесі - дүкендегі сөре. Бүгін сол сөреде Қазақстанның құс өнімі пайда болды. Біз соны бәріміз аузымызды толтырып айтып жүрміз. Жақында вице-премьер Жұманғарин енді Қазақстанды да толтырмаймыз, оны шетелге шығарамыз деді. Осы тезиспен келісемін. Елімізде шаш ал десе бас алатындар бар. Сіздің сөзіңізден кейін Қазақстанда құс шаруашылығын жоғалтып алмаймыз ба деген сұрақ туады", - деді депутат.

Әлихан Смайыловтың сөзінше, Қазақстанда құс етін өндірушілердің жұмысы, ішкі нарықты отандық құс етімен қамту қашан да маңызды.

"Біз қаражатты қысқарту керек деп отырған жоқпыз. Біздің айтып отырғанымыз - субсидияның тиімділігін жоғарылату, яғни қарсы міндеттемелерді қойып, барлық жағдайды жасау. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру керек", - деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.

Айта кетейік, Мәжіліс отырысында Әлихан Смайылов ауыл шаруашылығын субсидиялауға бөлінген мемлекет қаражатын пайдаланудың тиімділігі туралы есеп берді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!