Шарын әлемнің үздік 20 шатқалының қатарына енді

Шарын әлемнің үздік 20 шатқалының қатарына енді
Фото: depositphotos.com

Шарын шатқалы The Worldworthy 100 рейтингінің 2026 жылғы тізімінде әлем бойынша 17-орынға ие болды, деп хабарлайды Massaget.kz.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мәлім еткендей, рейтингке 46 елдің 100 каньоны мен шатқалы енген. Шарын миллиондаған жылдар бойы қалыптасқан жартастарымен, ерекше геологиялық құрылымымен және табиғи көріністерімен жоғары бағаланған.

Worldworthy 100 – тәуелсіз редакциялық рейтинг. Оны әзірлеу кезінде келушілердің пікірлері мен ұсыныстары, журналистік зерттеулер және ашық дереккөздердегі ақпарат ескеріледі.

— Worldworthy редакциясы «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне рейтинг лауреатының арнайы сертификатын жолдады. Бұл — Қазақстанның бірегей табиғи мұрасын әлемге танытатын қуанышты жаңалық әрі оны сақтау жолында еңбек етіп жүрген табиғат қорғаушылары үшін ерекше мәртебе! — делінген ведомство хабарламасында.

Шарын шатқалы - Қазақстандағы табиғаты ерекше, көрген жанды таңғалдырмай қоймайтын ғажайып мекендердің бірі.  Алматы қаласынан 195 шақырым, ал Талғар ауданынан шамамен 180 шақырым қашықтықта орналасқан. Шатқалдың табанымен ағып жатқан Шарын өзені өңірдегі ең ірі өзен аңғарларының бірі болып саналады. Ғалымдардың пікірінше, бұл ерекше табиғи құрылым шамамен 30 миллион жыл бұрын қалыптасқан. Шатқал жартастарының биіктігі кей жерлерде 150-300 метрге дейін жетеді.

О. Сансызбай
Logotype Massaget