Атырау облысы Құрманғазы ауданы Азғыр ауылының шаруалары жем-шөп қымбат екенін айтып, субсидия төлеу, өңірге төтенше жағдай жариялау бойынша облыс әкімдігі ғимаратының алдына жиналды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.
Шаруалардың сөзінше, биыл жауын-шашын өте аз жауып, шөп екі есеге қымбаттап кеткен.
"Жем-шөп бағасының екі есеге дейін өсуі шаруашылығымызды дамытуға кері әсерін тигізіп жатыр. Оның үстіне киіктер де көбейіп, жайылымдық жерді отап болды. Өңір адамдары тек малмен күн көріп отыр, бізде басқалай жұмыс көзі жоқ. Сол себептен екі талаппен келіп тұрмыз: Азғырда ТЖ жариялау және ірі сабақты шөпке субсидия төлеу", - дейді шаруалар.
Олардың айтуынша, бір орам шөп бағасы 15 мың теңгеге дейін көтерілген. Бұл тек малмен күнелтіп отырған ауыл тұрғындарына қиын соғып тұр. Тығырыққа тірелген шаруалар аудан әкімдігінен қайран болмағасын 600 шақырым жердегі облыс әкімдігіне көмек сұрап келді.
Биыл Ауыл шаруашылығы министрлігі Атырау облысы малшылары үшін ірі сабақты шөпке субсидия төленбесін деген бұйрық шығарды. Шөптің басым бөлігін азғырлықтар 90-100 шақырым жердегі Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасынан дайындап немесе сатып алып жүретін. Бөкей ордасы ауданында жауын-шашын жаумауына байланысты ТЖ жарияланды.
Азғыр өңіріне ТЖ жариялауды 17 қазанда арнайы құрылған комиссия шешеді деген болатын. Алайда комиссия мүшелері ТЖ жариялауды қажет деп таппапты.
"Облыс әкімдігі ғимаратының алдына жиналғандарды облыс әкімінің міндетін атқарушы Жасұлан Бисембиев шақырып алып, ірі сабақты шөпке субсидия беру желтоқсаннан бастап жүзеге асатынын айтты, ал ТЖ жарияланады деді. Жыл аяқталып қалды, қайткенде біз субсидия алмай, шаруамыз алға баспайды, өйткені күлдей шығынға батып отырмыз. Субсидияға біздің қажет құжатымыз түгел", - дейді фермерлер атынан Думан Меңдеш.
Мәселеге қатысты облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев пікір білдірді.
"Азғыр өңіріндегі жағдайға қанықпын. Өңірге ТЖ жариялау туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен ақылдасып жатырмыз. Субсидия төлеу жайы да ойластырылып жатыр", - деді ол.
Құрманғазы ауданы әкімінің міндетін атқарушы Марат Хасанов Азғыр өңірінде жем-шөп дайындау 90 пайызға орындалып тұрғанын айтты.
Азғыр өңірінде 153 (Сүйіндікте - 59, Азғырда - 56, ал Асан округінде - 38) фермер бар. Былтыр аудан бойынша 51 шаруа қожалығы 209 миллион теңге ірі сабақты шөпке субсидия алған.
Еске салайық, бұған дейін Атырау облысында құжатсыз мал тасығандар жауапқа тартылып жатқаны хабарланды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!