Шаруалардың Президентке үндеуінен соң жер қатынастары бөлімін Бас прокуратура тексеріп жатыр

Осыған дейін Павлодар облысы Ақсу қаласына қарасты Алғабас ауылдық округ тұрғындары ел Президентіне үндеу жолдағанын жазған едік. Осы жағдайдан соң жергілікті жер қатынастары бөлімін Бас прокуратура тексеріске алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Құзырлы органнан келген арнайы комиссия бір ай бойы бөлімге кешенді тексеру жүргізеді.

"Үшінші мамырдан бастап Бас прокуратураның комиссиясы мамандардың жұмысын тексеріп жатыр. 30 күннің ішінде орман шаруашылығы, ветеринария, санитарлық эпидемиологиялық станция, жер инспекциясы және аса қорғалатын табиғи аумақтардағы жер қатынастарының заңдылықтарын тексереді", - дейді Ақсу қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұрбек Әбішев.

Бас прокуратураның кешенді тексеру жүргізуіне өрісінен айырылған бірнеше ауыл тұрғындарының шағымы негіз болды. Сонымен қатар, жер телімінің жартысынан айырылған "Колос" балық шаруашылығы және "Грязновка" ШҚ-ның арыздары да бар. Ақсу қаласының жер қатынастары бөлімі төңірегінде былықтың көп екенін әкімнің өзі мойындап отыр.

"Кемшілік өте көп. Қазір сол Ребровка ауылын, Еңбек ауылындағы "Грязновка" ШҚ мәселелерін қазір біртіндеп  бәрін шешіп жатырмыз. Енді бізге кішкене уақыт керек. Соның бәрін дұрыс қалпына келтіріп, заң бойынша бәрін орындаймыз", - дейді Павлодар облысы Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсенбинов.

Бүгінгі күні Павлодар облысында жайылымдардың жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін жергілікті атқарушы органдар пайдаланылмайтын жерлерді халықтың мұқтажы үшін мемлекеттік меншікке қайтару бойынша жұмыстары жалғасуда. Облыстық жер қатынастары басқармасының дерегінше, былтыр халық мұқтажы үшін 76,7 мың га жайылым қайтарылды.

Е.Базарқұл

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!