Желіде Сәтбаевтағы мекемелердің бірінде адам өлімімен аяқталған төбелестің видеосы тарады. Полицейлер видеоға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Видеодағы әйелдің сөзінше, кафеде бір топ адам жігітті ұрып өлтірген. Ал полицейлер оқиға орнына келіп, бәрін бақылап, ешқандай шара қабылдамай кетіп қалған.
Ұлытау облыстық Полиция департаменті кафеге келуші төбелес салдарынан қаза тапты деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
"26 желтоқсанға қараған түні сағат 01:40 шамасында "Love Sushi" дәмханасында келушілер арасында жанжал туындады. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері бұзақылық әрекеттерді тоқтатты. Жанжалда зардап шеккен адамға медициналық көмек көрсетілмеді, ол ауруханаға жатқызылмаған.
Бұл ретте төбелеске қатысушылардың екеуіне қатысты ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Материал процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді", - делінген хабарламада.
Полиция жалған ақпарат тарату қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертті.
"Әлеуметтік желілерде жарияланған видео құқықбұзушылықты жою бойынша қажетті шаралар қабылданғаннан кейін түсірілген. Сенімсіз қауесеттерге сенбеуді сұраймыз", - деді полиция өкілдері.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!