- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Шапан кигіздік". Генерал...
"Шапан кигіздік". Генерал Шабдарбаев Назарбаев үйіне қалай қонақ болып келгенін айтты
Генерал Амангелді Шабдарбаев Abay Live YouTube арнасына берген сұхбатында бір кездері Назарбаев үйіне қонақ болып келгенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның сөзінше, туған жері - Қарасай ауданы Абай ауылы. Бұл ауылға Назарбаев жұмыс сапарымен барған.
"Мен Қауіпсіздік комитетіне кетіп қалған кезде біздің ауылға "Қағаз" деген фабриканы көрейін деп Нұрсұлтан Әбішевич келе жатты. Сол кезде анам "біздің ауылға Президент келейін деп жатыр екен" деп хабарласты. "Сен ол кісіні үйіңе, дастарханыңа шақыр. Келсе, өзі біледі. Шақыру - саған парыз" деді. "Мен қолым тимей жатыр" деп, күзет қызмет бастығы Құл-Мұхаммедке, протокол бастығына айттым. Сөйтіп, олар "жарайды жарайды" деп қойды. Жақындағанда бәрі бас тартып жатыр. "Айта алмаймыз, протоколға кірген жоқ, ана кісіге батпаймыз, өзің келмесең болмайды" деді. Анам үйде дайындалып жатыр. 1 жарым жасар тай сойылып, қазан қайнап, дастарқан жайылып жатыр. Бәрі Назарбаев Абайға келетінін, біздің үйге кіретінін біледі. Назарбаевтан басқасының бәрі біледі. Ол кісі білмейді. Дайындық жүріп жатыр. Мен келдім, жеке күзеті "көңіл күйі жоқ, Сара Алпысқызы екеуі түнімен ұрсып қалыпты. Мына кісі ыза болып келе жатыр" деді. Ана жақта облыс бәйге дайындап жатыр. "Бәйгеге де бармаймын, "Қағазын", Наурызбайдың ескерткішін ашамыз да қайтамыз" деп келе жатыр екен", - деп еске алды генерал.
Алайда сол жолы Назарбаев Шабдарбаевтың анасының үйіне қонақ болып түсіпті.
"Кездескен жеріне бардым. Көрді де, "неге келді екен" деп ойлап қалды. "Мынау біздің туған жер" дедім. "Білемін" деді. "Жол үстінде мешіт бар" дедім. "Ертерек айтпайсың ба? Уақыт жоқ қой" деді. "Жарайды" деп кетіп қалдым. Ол жол жөнекей мешіттің жанынан өтеді, қарама-қарсы анамның үйі. Мешіттің жанында күтіп тұрдық. Көліктен түсіп, мешітке кірді. Көңіл күйі жоқ. Айта бастап едім, имам Асылханға "сөйле өзің" деді. Ағылып тұратын имам сөйлей алмай қалды. Мешітке басын сұғып көрді. Бұрылып келе жатқанда, "мынау - анамның үйі" деп едім. Үндемей кіріп кетті. Дастарханға отырды. Баптап пісірген қазы бар, жақсылап тұрып жеді. Содан кейін шапан кигіздік. Мамаммен бір-екі ауыз сөйлесті. "Сіздің балаңызға бәрін жасадым, бастық қылдым, генералын бердім, тағы не істейін" деді (Назарбаев - еск.). Мамам "рақмет, сізге батамды берейін. Енем жай адам емес еді, 96-ға келіп марқұм болды. Сол кісінің жасына келгенше, елің аман болсын. Халқыңа қызметіңді істей бер, тағыңнан түспе. Менің Аманым сізге аманат" деді. Назарбаев сөйлей алмай қалды. ...Анама алғысын айтып, шығып кетті", - дейді Шабдарбаев.
Еске салайық, бұған дейін генерал-лейтенант, чекист Амангелді Шабдарбаев Қаңтар оқиғасының алдында болған жағдай туралы айтып, құпия әңгімелердің сырын ашқан еді.
Cонымен қатар, экс-генерал Шабдарбаев Рахат Әлиевтің өліміне қатысты деректерді бөлісті.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова