Сәтбаев қаласына жаңа әкім тағайындалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ұлытау облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"ҚР президенті әкімшілігінің және қалалық мәслихат депутаттарының келісімімен Сәтбаев қаласының әкімі болып Шапағат Әубәкір тағайындалды", - делінген хабарламада.
Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысып, Шапағат Әубәкірдің кандидатурасын келісуге ұсынды. Сәтбаев мәслихатының депутаттары мұны қолдады. Содан кейін өңір басшысы жаңа әкімді қала активіне таныстырды.
Шапағат Әубәкір 1983 жылы туған. 2006 жылдан бастап мемлекеттік қызметте істеп келеді. Сәтбаевтың экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бас маманы, "Сәтбаев қаласының экономика және қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесі бюджеттік жоспарлау секторының меңгерушісі, "Сәтбаев қаласының экономика және қаржы бөлімінің" басшысы лауазымдарын атқарды.
2021 жылғы қазаннан бастап қазіргі уақытқа дейін Сәтбаев әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!