Бактериялар мен шаңды кетіру үшін төсек-орындарды жоғары температурада жуу керек деп ойлауыңыз мүмкін. Төсек жаймалары мен жастық қаптары тез ластанады, әсіресе, адам түнде терлесе немесе үй жануарлары төсекте жүрсе, мұндай процесті жиі байқауға болады. Төсек терді, майды оңай сіңіреді, онда өлі эпителий бөлшектері жиналады және пәтерде көп болатын шаң кенелері төсекте де пайда болуы мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі doctorpiter.ru-ға сілтеме жасап.
Бактериялар мен шаң кенелерін кетіру үшін төсек-орындарды қайнатудың немесе ыстық суға жуудың қажеті жоқ. Бұл төсек-орынның көпшілігінің матасын құртып, оның түсін кетіріп жіберуі, матаны отырғызып жіберуі де мүмкін екен. Сонымен қатар, электр қуатына төлемнің өсуіне әкеп соғады.
Төсек-орын саудасы бойынша маман Лианна Шулбредтің айтуынша, тіпті қалыпты температурада жуу да төсек-орындағы бактерияларды жоюға көмектеседі.
"Көптеген матаны 40 градус температурада жууға болады, өйткені бұл кірді, табиғи дене майларын кетіруге және микробтарды жоюға көмектеседі", - деді Лианна Шулбред.
Сондай-ақ, маман төсек-орындарды жуар алдында өнімге күтім жасау жөніндегі қағазбен танысып, сол жердегі ұсыныстарды сақтауға кеңес берді.
Ұйықтар алдында үнемі суға түссеңіз де, төсек-орындарды аптасына бір рет ауыстыру жөн саналады екен. Әсіресе, барлық дақ пен кір көрінетін ақ төсек-орын болса, ауыстырып тұрған жөн.
Егер отбасында біреудің аллергиясы болса немесе ауырса, төсек-орынды мүмкіндігінше жиі жуған дұрыс.
"Аллергиясы немесе демікпесі бар адамдарға төсек-орындарды жиі жуу ұсынылады, себебі бұл симптомдарды азайтуға көмектеседі. Үй жануарларымен ұйықтайтындар немесе өздері қандай да бір дертпен ауыратындар төсек-орындарын аптасына бір реттен де жиі жууы керек", - дейді Лианна Шулбред.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!