- Негізгі бет
- LifeStyle
- Шәмші Қалдаяқов туралы
Шәмші Қалдаяқовтың келіні театрды сотқа беретінін айтты
Шәмші Қалдаяқовтың келіні Ботагөз Қалдаяқова Мәжілістегі комитет отырысында қайын атасына қатысты белгілі спектакль желісі шындыққа сәйкес келмейтінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде "Креативті индустрияны дамыту" тақырыбында отырыс өтті. Cөз алғандардың бірі - көрнекті сазгер Қалдаяқовтың келіні.
"Еліміздің театрларында жиырма жылдан аса уақыт бойы "Сыған серенадасы" пьесасы қойылып жатыр, мұрагерлердің рұқсатынсыз. Мұрагерлер бірнеше мәрте ол жерде айтылған оқиға, Шәмші Қалдаяқовтың сығандардан таяқ жегені шындыққа жанаспайтынын айтты. Осы жерде отырған театр директорларына соңғы мүмкіндік беремін. Екі аптадан кейін оларды сотқа беремін", - деді ол.
Бұл тақырып бұған дейін бірнеше рет көтерілгенімен, әлі күнге дейін шешімін таппады. Шәмші Қалдаяқовтың мұрагерлері бұл туындының желісін шындыққа сәйкес келмейді деп сынап, бірнеше рет наразылық білдірген. Әсіресе, бұған дейін де пьесадағы композитордың сығандардан таяқ жегені туралы эпизодтың ойдан шығарылғаны және оның беделіне нұқсан келтіретіні айтылған еді.
Шәмші Қалдаяқов - қазақ музыкасының алтын дәуірін қалыптастырған көрнекті тұлға. Оның есімі тек ұлттық мәдениеттің символы емес, ұлт руханиятының биік шыңы ретінде де бағаланады. Мұрагерлердің мәлімдемесі авторлық құқық пен мәдени мұраны қорғау мәселесінің өзектілігін айқын көрсетіп отыр.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова