Астанада "Менің Қазақстаным" атты Шәмші әндерінің халықаралық фестивалі өтеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы "Қазақконцерт" мәлімдеді. Фестивальдің мақсаты - мәдениетаралық және конфессияаралық ынтымақтастықты нығайту, түрлі елдерден келген қатысушылар арасында тәжірибе алмасу мен ынтымақтастық үшін қолайлы орта қалыптастыру.
"Фестивальді Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт" мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы ұйымдастырады", - делінген "Қазақконцерт" таратқан мәліметте.
Айта кетейік, фестивальде Әзербайжан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Ильхам Назаров, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі Айзирек Момунова, Алишер Навои атындағы мемлекеттік академиялық Үлкен опера және балет театрының солисі Носир Юсупов, Әзербайжан мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі Аташ Гараев, сондай-ақ Т.Шевченко атындағы Украина ұлттық опера және балет театрының солисі Ксения Бахритдинова-Кравчук және Абай атындағы Қазақ ұлттық академиялық опера және балет театрының жетекші солисі Тайыр Тәжі өнер көрсетеді.
"Қазақконцерттің" Astana Musical мемлекеттік театры, G-band, "Астана сазы" қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі және Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрімен бірге ұтымды коллаборациялары да сахнада орын алады.
Концертте Мәдениет саласының үздігі, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының дирижері Мұхтар Қалдаяқов дирижерлік етеді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз