- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Шамалғанда газ тарифі...
Шамалғанда газ тарифі қымбаттауына байланысты шу шықты
Алматы облысына қарасты 7 ауылдық округ халқы Шамалған ауылына жиналып, "көгілдір отынға көп ақша төлеп жатырмыз" деген шағымын аудан әкіміне жеткізген. Олар ай сайын газға төленетін ақы екі есеге өскеніне наразылық білдіріп, жауапты компания қызметінен бас тартқысы келіп отыр. Ал Қарасай ауданы прокуратурасы бұл жайтқа қатысты тексеріс басталғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Almaty.tv.
Телеарна мәліметінше, Шамалғанның Мәдениет үйіне мәселесін айтып келгендер газ компаниясы қызметін сынға алған. Олар газ құбырын тарту үшін де қомақты қаражат жұмсалатынын айтқан.
Қордаланған мәселені шешуге келген Қарасай ауданы әкімі түйткілдің бір күнде шешіле қоймайтынын айтқан. Өйткені бұл жайтқа қатысты құзырлы органдар тексеріс бастаған.
"Мынадай шешімге келдік. Қазір антимонополиялық органның қорытындысын күтеміз. Олар өз бағасын нақты айтады. Осы кісілерге баяндаймыз. Газсыз қалмас үшін оны төлеу керек. Егер антимонополиялық орган артық тариф қойды десе, сол ақшаның бәрін халыққа міндетті түрде қайтарып береміз", - деді Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов.
"Халық наразы болғандықтан талдау жасадық. Талдау жасау барысында заң бұзылған. Басқарма монополиясына ұсыныс берілді. Осы ұсынысқа байланысты монополия тексеруі қажет. Сол тексеру нәтижесі тариф, бағаны рәсімдеу немесе төмендету немесе заңды екенін көрсетеді", - деді Қарасай аудандық прокурорының орынбасары Заманбек Асыланбек.
Ал жұмысы сынға қалған газ компаниясының өкілдері көгілдір отынға берешегі бар бұқара қалайда тариф құнын төлеуі керегін айтып отыр. Олай болмаған жағдайда ескерту жасалады. Төленбесе, жауапты мекеменің құбырды кесіп кетуіне де құқы бар екен.
"34/7 деген бағамен оны төлеу керек. Қаңтардан бастап 33/25 деген баға бекітілді. Монополияға қарсы комитет бір ай ішінде жауабын шығарады, тарифпен таныстырады", - деді "Сигма-газ" ЖШС директорының орынбасары Данияр Әшімхан.
Айта кетейік, мұнда көгілдір отын мәселесі 9 қаңтарда басталған. Халық бұл мәселені айтып, екінші рет бас қосқан. Талап-тілек тыңдалған, тиісті шешім тексерістен соң белгілі болады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова