Алматы облысындағы Шалкөде ауылында ауызсу жеткіліксіз. Тұрғындар тіршілік нәрін көшеден тасып ішуге мәжбүр. Екі жыл бұрын ауылда орталықтандырылған су құбыры тартылған. Бірақ мердігердің жауапсыздығынан жұмыс аяқсыз қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Шалкөде ауылының әр көшесінде суағар бар. Су сарылдап ағып тұр. Орталықтандырылған су жүйесі болмағандықтан тұрғындар суды көшеден тасиды. Көп жылдан бері "құмған алып, суға баратын" жұрттың бойы бұған үйреніп қалды. Дегенмен қарияларға қиын. Күнделікті тұрмыста сусыз еш шаруа бітпейді.
"Су тасу машақатынан қашан құтыламыз? Не кір жуғыш машина қоса алмаймыз, не картошка еге алмаймыз бақшаға. Шалкөдеде емес шөлде тұрып жатқан сияқтымыз", - дейді ауыл тұрғыны Бахаргүл Самықова.
Су құбыры ауыл көшелеріне екі жыл бұрын тартылған. Бірақ содан бері тіршілік нәрі жоқ. Себебі су жинайтын нысанның құрылысы аяқсыз қалды. Жергілікті тұрғын Еркебұлан Ботайұлының айтуынша, барлығы су жинайтын тоспа құрылысына тіреліп тұр.
"Су көшемізге су әлі келген жоқ. Жолға асфальт төсеп, құбырды өткізіп қойды. Бірақ жоғарғы жағында үлкен дамба жасалып жатыр. Суымыз қашан келетіні белгісіз", - дейді ол.
Жалпы су жинақтайтын нысанды салған мердігер мекеме міндетін дұрыс атқармай, үйлерге бір тамшы да су жеткен жоқ. Аудан басшылығы кемшілік жойылып, мәселе шешімін табады деп отыр.
"Резервуар дейді ғой. Су жинайтын орын. Сол жері бітпей тұр. Қазір оның қаражаты жіберілген жоқ. 37 миллион теңге бөлінуін күтіп отырмыз. Ол мердігер бітіріп береміз деп уәде берді", - деді Райымбек ауданының әкімі Берік Дүйсембаев.
Аудан әкімінің сөзінше, резервуар екі айда жөнделіп бітеді. Содан кейін су құбырға жіберіледі. Оған қосылу тұрғындардың өз еркі. Сонымен бірге, Райымбек ауданында орталықтандырылған су жүйесін Тұзкөл ауылына жүргізу керек. Оның жобалық құны әзірленді. Бюджеттен қаражат қаралса, жұмыс келер жылы басталады.
Саламат Сабыр
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!