Шалғайдағы ауыл мұғалімі шетелден шақырту алған

Қарағанды облысының шалғай ауылында сабақ беретін ұстаз өзінің озық тәжіриесін бөлісу үшін шетелге шақырту алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kz сайтына сілтеме жасап. 

"Үздік сынып жетекшісі - 2024" республикалық байқауында жүлдегер атанған Анна Колтунова Нұра ауданының Ахмет ауылындағы мектепте информатика пәнінен екі тілде сабақ береді. Ол - Сәкен Сейфуллин атындағы мектептің түлегі. 2014 жылы жоғары оқу орнын бітіріп, туған жерге оралған. Қазір информатика пәні мұғалімі болып жұмыс істейді. 

"Мен Ахмет ауылының тумасымын. Осы мектепте оқыдым. Екі тілде сабақ беремін. Қазақ тілін балалармен бірге үйреніп жүрмін. Үздік сынып жетекшісінің байқауында екі тілде жобалар дайындадым", - деді информатика пәнінің мұғалімі Анна Колтунова. 

"Үздік сынып жетекшісі - 2024" байқауының облыстық кезеңіне 5 мың ұстаз қатысқан. Соның 312-і іріктеліп, республикалық кезеңде бақ сынады. "Біртұтас тәрбие" тақырыбында өткізілген жарыста Аннаның инновациялық технологияға сүйенген әдістемесі жоғары бағаланып, жүлделі болды. Мысалы, мына "Сыр сандық" жобасы аясында жасалған электрон кітапты QR кодты енгізу арқылы шолып шығуға болады. Мұнда Сәкен Сейфуллиннің өмір жолы, Ахмет ауылы төңірегінде үстаздық етіп, мектеп ашқан кездері жөніндегі ақпараттар және шығармалары қамтылған. 

"Мектепте біртұтас тәрбие беру бағдарламасы бағытында қазақтың құндылықтарына қатысты көптеген мәліметтерді оқыту үшін көптеген қызықты әдіс-тәсілдерді өзі ойлап тауып, балалармен жұмыс жасайды. Әр сабағын қызықты өткізгеннен кейін балалардың барлығы жақсы көреді. Еңбегін бағалап, сабағына белсенді келіп отырады", - деді С.Сейфуллин атындағы жалпы орта білім беретін мектептің психологы Лаура Ишанқұлова. 

Анна мектептен тыс әлеуметтік желіде өзінің парақшасын жүргізеді. Әлемнің түкпір-түкпірінде оқырманы баршылық. Тіпті өзінің оқыту әдістемесімен бөлісу үшін шетелге де бірнеше мәрте шақырту да алыпты. 

"Тек Қазақстан емес, мына Ресей, ТМД елдерінен, оның сыртында мына Еуропа елдерінен Венгриядан, Сербиядан, Грузиядан қызығушылық білдіретіндер бар. Мына Беларуссияның бір беделді мектебі де семинар өткізіңіз деп шақырды", - деді С.Сейфуллин атындағы жалпы орта білім беретін мектептің директоры Атымтай Балабиев. 

Осылайша, шалғай ауылдағы шағын мектепте сабақ беретін ұстаздың есімі шартарапқа мәшһүр. Аннаның мақсаты - мектепке оқытудың тиімді әдістері мен инновациялық тәсілдерін енгізуге барынша үлес қосу.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз