- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Шала туған балаларға...
Шала туған балаларға қалай күтім жасау керек? Неонатологпен сұхбат
Гүлжанат Аққозиева 33 жыл балалар дәрігері болып, соның ішінде неонатологияға 13 жылын арнаған абзал дәрігер. Елімізге алғаш рет 1990 жылы неонатология саласы енгізіле бастаған сәтте алғашқы болып білім алған білікті мамандардың бірі. Massaget.kz тілшісі тәжірибелі неонатологпен шала туған нәрестелердің күтімі, емізу техникасы, ана сүтінің маңызы туралы сұхбаттасты.
"Егіз немерем 7 айлығында дүниеге келді"
Гүлжанат Аққозиева Алматы мемлекеттік университетінің педиатрия мамандығын бітірген. Оқуды бітірген соң қазіргі Түркістан облысындағы ең шалғай аудандардың біріне жұмысқа орналасады.
"Мен барған 1990 жылы неонатолог мамандығы енді қалыптасып жатты. Бас дәрігер мені осы мамандық бойынша біліктілігімді арттыруға оқуға жіберді. Осы мамандықты әбден меңгеріп, жоғары санатты неонатолог мамандығына дейін көтерілдім. 2003 жылы мені аудандық педиатр етіп ауыстырды. Емізу техникасы бойынша 2008 жылы ДДСҰ негізінде Қазақстанда ауқымды оқыту өтті. Оқуда жаңа туған нәрестелердің күтімі, дұрыс емізу техникасы бойынша екі ай оқып, көп мәліметтер алдық. Содан бері неонатология саласында қызмет етіп келемін. Қазір Алматыдағы жұмыс істеп жатқан медициналық мекемеде 38 шала туған нәрестеге жетекшілік жасаймын", - деп бастады әңгімесін.
Шала туған нәрестеге күтім жасау тәжірибесін ол өз басынан өткерген.
"Келінім алғашқы перзенті егіздерді 7 айлығында 1 700 гр және 1 800 гр болып дүниеге әкелді. Есімін Нұрым-Бағым деп қойдым. Туғаннан бастап өзім күтім жасадым. Себебі карантиннің кезінде балаларды әрі-бері тасу қиын болды. Дүниеге келгеніне 4 сағат өткен соң перзентханадан немерелерімді бірден үйге алып кеттім. Оларға температуралық режим маңызды екенін білемін. Сөйтіп, оларға бөлек бөлме дайындап, сол жерде өсірдім. Себебі перзентханада вирустың таралуынан қорықтым. Емізу техникасының арқасында бірде бір рет қосымша сүт бермей өсірдім. 3 айға дейін олардың ему қабілеті болмады. Сол үшін келінімнің сүтін екі сағат сайын сауып, аузына құйып отырдым. Екі қыздың қасына бір аптаға дейін әкесін жолатпадым. Тек анасы және мен қарадық. Өйткені инфекция жұқтыруы мүмкін еді. Үш айдан кейін екеуінде де ему қабілетін пайда болып, анасы емізді. Жақында мамыр айында 4-ке толады, әдемі қыздар өсіп жатыр", - деді ол.
"Бала өз отбасында бейімделгені абзал"
Тәжірибелі маман шала туған балаларға аурухада қандай күтім жасайтыны туралы айтты.
"Шала туған балалардың ішінде аппаратпен демалатын, жүрегіне массаж қажет, белгілі бір дертпен дүниеге келген, үздіксіз медициналық қызмет қажет ететін балалар тұрақты түрде салмақ жинағанша ауруханада болады. Егер анасының күтімі ұқыпты, отбасында температуралық режимді сақтай алса, үйге шығаруға ұсынамыз. Кейбір жағдайда ата-аналар температуралық режимді сақтай алмай жатады. Ондай кезде - ауруханадағы тек күтім жасайтын бөлімге жібереміз. Жалпы дүниеге келген бала өз отбасында бейімделгені абзал. Себебі әр отбасының өзіне ғана тән иісі, аурасы бар. Бала соған туғаннан бастап бейімделгені жөн", - деді маман.
Оның айтуынша, шала туған балалардың дүниеге келуіне анасының денсаулығындағы ақаулар себеп болады.
"Біріншіден, анасының денсаулығында қандай да бір ақаулар болса (қан қысымының көтерілуі, қаназдық, күйзеліс) немесе белгілі бір дерт асқынған, ананың денсаулығына қауіп төнген жағдайда біз баланы ертерек туғызып алуға тырысамыз. Бұл әртүрлі себептерге байланысты болады. Оны әр ананың денсаулығына сай талдаймыз", - деді неонатолог.
Шала туған балаларға қандай күтім керек?
Неонатолог маман шала туылған нәресте дүниеге келген соң оған ең керегі - жылы әрі жұмсақ төсек пен режим екенін атап өтті.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"ДДСҰ дәлелдегендей, бала анасының бойында жылы құрсақта дүниеге келеді де, туу аптасына қарай бейімделу температурасы өзгеріп отырады. Мысалы, 20-30 аптада 29 градусқа, 30-35 аптада 27-28 градус, ал күні жетіліп туылған болса, 25 градусқа үйрену керек. Осылайша оның температуралық режимін жеке сол балаға арнап сақтауға тырысамыз. Температураны осы ережеге сай сақтаса, балалар өзін жақсы сезінеді. Ал бір градусқа өзгерсе, балада мазасыздық болады. Оның тілі жоқ, түсіндіре алмайды. Бірақ терісінің, ерінінің түсі, қимылы өзгереді. Тіпті ұзақ уақыт сол температурада ұстаса, қимылдамай қалуы мүмкін. Мұндай сәтте баланың туу аптасына тән температураны сақтаса, кері өз қалпына келеді. Түшкіреді, жөтеледі, жөткірінеді - мұның бәрі қорқынышты белгілер. Себебі жөтелсе - тыныс жолымен баратын ауаның салқындығынан тітіркеніп жатыр деген сөз. Оны қанша жерден орап, жылы-жұмсақ етіп киіндіріп қойғанмен демалатын трубкасының температурасы қалыптыдан төмен болса, мазасыздық басталады. Сондықтан да ең бірінші керекті дүние - жылы жұмсақ режим", - деді ол.
Сондай-ақ, бала аш қалмауы тиіс.
"Бала аш қалмас үшін бірінші кезекте анасының уызын беру керек. Мұны дүниежүзінің ғалымдары дәлелдеген. Күні жетіліп туған балаға уыз бөлек пайда болса, шала туған баланың өзіне тән уызы болады. Оның құрамын ешкім жасай алмайды. Ғалымдар тіпті, бір анадан туған балалардың уызын зерттегенде, үш бала болса, үшеуінікі үш түрлі екенін анықтаған. Себебі ананың көкірек безі сол баланың мінезіне, болмысына, салмағына қарап дамиды екен. Мұны медицина күннен күнге дәлелдеп келе жатыр", - деді ол.
"Бала тумаған әйел асырап алған перзентін емізді"
Гүлжанат Аққозиева 2008 жылы неонатолог оқуына барар кезде бас дәрігердің айтқанына көнгісі келмеген. Алайда оқудан келген соң жасаған тәжірибесі бұл техниканың дұрыстығына сендірген.
"Әйел өзі дүниеге бала әкеледі, емізудің де оқуы бола ма, бұл оқуға бармаймын" деп қарсылық білдірдім. Алайда оқыған екі айда біз балаларға қатысты барлық нәрсені, емізу техникаларын үйреніп тауыса алмадық. Оқу барысында да шын екеніне сенбедім. Сөйтіп оқудан келген соң тәжірибе жүзінде жүзеге асырып көрейін деп ойладым. Оқудан келгеннен кейін екі аптадан соң бір әйел келді. 9 жыл бала көтермеген соң бала асырап алған екен. Сол 4 айлық баласына қосымша сүт сұрап келді. Оқыған білімімді соған түсіндіргім келді. Әйелден: "емізгің келе ме?" деп сұрадым. "Қалай әйел болып, емізгің келмейді? Мен туған жоқпын ғой, қалай еміземін" деп жылап жіберді. Оқудан келгенімді айттым. Сосын үйренген техникаларды беріп, екі сағат консультация жасадым. Бес күннен кейін әлгі әйел жұмыс телефонына хабарласып, "көкірегімнен қоңыр түсті, ірің сияқты бірдеңе келіп жатыр" деді. Таңғалдым да, "ертең үйіңе барамын" дедім. Ертеңіне барсам, ана әйелден бес күннің ішінде уыз шығып жатыр. Тәжірибеден өткен соң бұл білімнің тегін емес екеніне сендім. Сосын әйелге емізе беру керектігін айттым. Төрт күннен соң жаңағы қоңыр түсті ірің аралас сүтке айналды. Көкірегі толықсып, екі аптадан соң толықтай баласын өзі емізуді қолға алды. Сөйтіп, бір жылдан соң сол келіншектің аяғы ауыр болып, дүниеге сәбиін әкелді. Қазір өзі дүниеге әкелген төрт баласы бар", - деді ол.
Оның айтуынша, дүниежүзінің ғалымдары көкірек безі мен жатырдың байланысы бар екенін дәлелдеп кеткен.
"Бұрынғы бабаларымыз да бала асырап алған әйел міндетті түрде туады деп ырым еткен. Бірақ бізде оны медициналық тұрғыдан дәлелдей алмаған. Соған көзім жеткен соң мұны тереңірек оқи бастадым", - деді ол.
"900 граммен туған балаға күтім жасадым"
Кейіпкеріміз алдына келген бірнеше шала туған балалардың тағдырымен де бөлісті.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Бір күнде арасы 3 сағаттық екі шала туған бала дүниеге келді. Біреуінің салмағы - 1 200 г, екіншісі - 900 г болды. 900 грамдық баланы анасы 26 аптада дүниеге әкелді. Оны түйе жүннен істелген көрпеге қабылдап алдық. Балаға памперс өлшемі келмейді. Қыздардың күнделікті қолданатын төсемелерін пайдаландық. Болар-болмас ғана демі естілетін. Ең жіңішке трубканы қойдым да, анасының 1 грамм уызын сауып құйдым. Баладан жай ғана ыңырсыған дауыс естіледі. Соны шығарса, қайтадан 1 грамм құямын. Сүт ішкен соң үндемей ұйықтайды. Сөйтіп бір аптаның ішінде бұл мөлшерді жай-жайдан көбейтіп, 1,5-ға, кейін 2 граммға жеткіздік. Осылай катетермен анасының сүтіп сауып, беріп отырдым. Басқа ешқандай укол, дәрі, қосымша сүт бермедік. Қазір ол студент жігіт. Былтыр осында IT саласының жоғары оқу орнына түсті", - деді ол.
Сол күні дүниеге келген екінші шала туған нәресте туралы да айтып өтті.
"Ол жоғары қызметтегі бір кісінің немересі еді. Айтқанымды тыңдамады. Туғаннан соң бір күннен кейін облысқа жіберді. Жалпы шала туған балаларды бір кереуеттен екінші кереуетке ауыстырудың өзі оларға үлкен күйзеліс. Сол үшін оларды әрі-бері тасымалдауға болмайды. Екі ай облыста емделіп, бізге қайта келді. 4,5 айлығында Қытайға, 8 айлығында Ресейге әкетті. Бір жасында оған балалардың церебральды сал ауруы диагнозы қойылды. Бала 5-6 жасында қайтыс болды. Жалпы шала туған балаларға ерекше күтім керегін осыдан-ақ көпке түсіндіргім келеді", - деді неонатолог.
Қазір жас аналар дүниеге жаңа келген нәрестені бірден лампаның астына қояды. Бұған қатысты педиатр өз пікірін айтты.
"Жалпы балалардың ауруы - дұрыс емізу техникасын қолданбағаннан болады. Себебі шала туған немерелерімді емізерде келініме барлығын үйретіп отырдым. Қарапайым баланың басы қалай қарап тұрады, қолы қай жерде - соның бәрін айттым. Тек қана анасының сүтімен 3 жасқа дейін емізді. Қазіргі жаңа туған балаларды "желтуха шықты, ішінде желі бар" деп түрлі дәрі береді, лампаға қояды. Осының ешқайсысы керек емес. Негізінде бала бойындағы биллирубинді ананың уызы ғана шығарып тастай алады. Қазіргі аналардың уызының құрамында пайдалының бәрі бар. Тек дұрыс емізбейді. Перзентханадан қосымша сүт береді, емізу техникасын орындамайды. Егер биллурубин 350-ге дейін болса, онда қалыпты болып саналады. Дұрыс емізіп, баланың үлкен дәретке жиі баруын қадағаласа, іші 2-3 күнде тазаланып шығады", - деді ол.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз! сағат
А. Жайыққызы