Колумбиялық әнші Шакира Қырғызстанға ұшып барды. Бүгін кешке оның Бішкектегі концерті өтеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Kaktus.media-ға сілтеме жасап.
Әлемге танымал әншіні "Манас" халықаралық әуежайында ресми тұлғалар, соның ішінде Қырғызстан Президенті әкімшілігінің ақпараттық саясат қызметінің басшысы Дайырбек Орунбеков пен Президент Іс басқармасы басшысының бірінші орынбасары Бообек Салимжанов, сондай-ақ, концерт ұйымдастырушылары мен оның жанкүйерлері қарсы алды.
Бүгін сағат 19:00-де (Астана уақыты бойынша 18:00) Шакира "Бішкек Арена" стадионында өнер көрсетеді. Бұл оның Орталық Азиядағы алғашқы концерті болатыны хабарланды. Бұған дейін Қырғызстан Президентінің Іс басқармасы концертке 33 елден көрермен жиналатынын хабарлаған болатын.
Бішкекке келгеннен кейін әнші Instagram-да "Салам, Кыргызстан!" деген жазбамен сурет жариялады.
Концерт Las Mujeres Ya No Lloran World Tour әлемдік туры аясында өтеді. Ресми билет платформасының мәліметінше, көрермендер Hips Don't Lie, Waka Waka, Whenever, Wherever, She Wolf сияқты танымал хиттерді, сондай-ақ, әртістің жаңа альбомындағы әндерді тыңдай алады.
Әлемдік жұлдыздың концертіне байланысты Бішкек милициясы күшейтілген режимге көшті.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!