Қарағанды облысы Шахтинск қаласында 6 үйдің тұрғындары су құбырын ауыстыра алмай отыр. Су құбыры үш жыл бұрын жаңартылған, бірақ 100 метрі қалып қойған. Тұрғындардың сөзінше, ескі құбырдан ақау шықса, үйлерді су басады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қала тұрғындары осы 100 метр жерден ай сайын апат шығып, үйлерге су кетіп отырғанын жеткізді. Оның үстіне жолды да қайта-қайта бұзып, тұрғындардың мазасын алған.
"Апат болса жөндейтіндер келіп, тасжолды бұзып, құбырға ағаш тығып кетеді. Ай сайын осы нәрсе қайталана береді. Жасаған соң дұрыстап жасау керек қой. 3 жыл бойы көргеніміз осы", - дейді Шахтинск қаласының тұрғыны Төлеген Бейсембек.
Мәселеге орай Шахтинск әкімдігі өкілдері сүйінші хабарды жеткізді. Олардың айтуынша, биыл бұл мәселе шешімін таппақ. Алайда тұрғындар бұл уәде былтыр да айтылғанын мәлімдеп отыр.
"Биыл бұл мәселені толық шешеміз. Қалған 100 метр су құбырын ауыстырамыз. Тосжолды да қайта төсейміз", - дейді Шахтинск қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Мажитов.
Айта кетейік, Шахтинск қаласы 2019 жылы 3 бөлікке бөлініп, су құбырын жаңарту жұмыстары басталған еді. Әкімдік өкілінің сөзінше, 2 бөлікте жұмыс толық аяқталып, кезек соңғы бөлікке келген. Ол да биыл аяқталады. Жыл соңына дейін қала жаңа су құбырымен қамтамасыз етіледі.
Жандос Бақытұлы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!