Шахтинскіде пәтерді өртеген күдікті ұсталды - видео

Шахтинскідегі пәтерді өртеді деген күдікті ұсталды. Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі ұстау сәтінің видеосын жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Полиция мәліметінше, күдіктіні ұстау жоғары қауіп жағдайында өткен.

"Оқиға орнына келген полицейлер алғашқылардың бірі болып тұрғындарды дереу эвакуациялауға кірісті. Сол сәтте бесінші қабаттағы пәтерлердің бірінде болған 40 жастағы күдікті полицейлерді байқап, әдейі газ жіберіп, оны өртеп жіберген. Жарылыс қаупі жоғары болғанына қарамастан, тәртіп сақшылары батыл әрекет етіп, өз өмірін қатерге тігіп, ұстау операциясын аяғына дейін жеткізді", - делінген хабарламада.

Қазір күдікті медициналық мекеменің арнайы палатасында күзетпен жатыр. Қылмыстық іс қозғалып, қажет тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Өрт кезінде бес полиция қызметкері зардап шекті, олар ауруханаға жатқызылған.

Мән-жай

Кеше түнде Қарағанды облысының Шахтинск қаласында бес қабатты тұрғын үйде жарылыс болды. Құтқарушылар мен полицейлер жоғарғы қабаттардағы тұрғындарды эвакуациялап, олар үшін жылыту пунктін ұйымдастырды. 40 шаршы метр аумақта өрт шығып, кейін толық сөндірілді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!