ШҚО әкімі Ермек Көшербаев Глубокое ауданындағы Ертіс шахтасында қаза тапқан жұмысшылардың отбасы көмексіз қалмайтынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Шахтада болған апат бойынша комиссия құрылды. Апаттан 5 адам қаза тапты. Мен 3 адамның үйіне кіріп шықтым. Екеуі қалада, біреуі ауылда тұрады екен. Қайғылы жағдай. Әрбір отбасының жағдайы бөлек қой. Кейбірінің жағдай жақсы, кейбірінің жағдайы төмендеу. Тергеу және комиссияның жұмысы біткен соң, бірге жиналамыз", - деді Ермек Көшербаев Астанада.
Өңір басшысы қаза тапқан жұмысшылардың отбасы көмексіз қалмайды деп сендірді.
"(Қаза тапқандардың) балаларын мектепке орналастырамыз... Бір азаматтың жұбайы жұмысқа тұрамын деп (бізге) өз өтінішін айтты. Жақсы жұмысқа тұрғызамыз. Әйтеуір тастамаймыз. Тергеу біткен соң компанияның жауапкершілігі белгілі болады", - деді облыс әкімі.
Еске салайық, 31 тамызда шамамен сағат 17.30-да ШҚО-дағы Ертіс шахтасында 4 жұмысшы қаза тапқан еді. Марқұмның екеуі шахта жұмысшылары, тағы екеуі мердігер ұйым жұмысшысы.
Сондай-ақ 1 қыркүйекке қараған түні "Артемьев" шахтасында тас құлап, тағы бір жұмысшы қаза тапты.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!