Мәжілістің жалпы отырысында "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылардың құқығын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев жыл сайын тұтынушылардан түсетін шағым көбейіп жатқанын, сондықтан заңды жетілдіру керегін атап өтті.
Оның айтуынша, заң жобасын әзірлеу кезінде ТМД елдерінің және Германия, Польша, Түркия және басқа да елдердің тәжірибесі зерттеліп, төмендегі нормалар ұсынылған.
"Біріншіден, азаматтық-құқықтық тұтынушылық дауларды шешу тәртібі көп сатыдан екі сатыға дейін жеңілдетіледі.
Екіншіден, тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заңның базалық қағидаттары салалық реттеу мен осы салалардағы тиісті мемлекеттік органдардың құзыретін сақтай отырып, қаржылық қызметтерден басқа, барлық қызмет көрсету саласына қолданылады. Нәтижесінде, уәкілетті орган тұтынушылардың құқығын қорғау мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың қызметін салааралық үйлестіру жөніндегі өз функциясын толық іске асыра алады.
Үшіншіден, тұтынушылардың белгіленген және белгіленбеген тобы туралы ұғымдар бөлінді", - деді Арман Шаққалиев.
Төртіншіден, сотқа дейінгі кезеңде тұтынушының бұзылған құқығы қалпына келтірілмесе, тұтынушының пайдасына азаматтық процесте сот өндіріп алатын айыппұл түрінде кәсіпкердің құқықтық жауапкершілігі енгізіледі.
"Бұл құқықтық құрал кәсіпкерлерді тұтынушылармен азаматтық дауды сотқа дейін шешуге ынталандыруға бағытталған. Шет елдердің осындай тәжірибесі сотқа өтініштердің айтарлықтай төмендеуіне әкеледі. Бесіншіден, онлайн саудада тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту бойынша түзетулер ұсынылады", - деді Арман Шаққалиев.
Сондай-ақ министр тұтынушылар қауымдастығы көтерген мәселелерге назар аударылып, кемшіліктер жойылғанын атап өтті.
"Кәсіпкерлік субъектілердің E-tutynushy ақпараттық жүйесіне міндетті емес тіркелу туралы нормасы, қайтаруға жатпайтын тауарлар тізімінен медициналық бұйымдар, ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары, авиабилеттерді сатып алу және туристік қызмет көрсету туралы шарттар бойынша (қызмет құны) 100 пайыз қайтарылмайды деген ұғым алынып тасталды", - деді ведомство басшысы.
Дауыс беру нәтижесінде депутаттар заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!