Шағым көбейді: Алматыдағы “Алма-Арасан“ кешенінде жөндеу басталады

Шағым көбейді: Алматыдағы “Алма-Арасан“ кешенінде жөндеу басталады

Алматыда 2025 жылы Үлкен Алматы шатқалының көрнекті нысандарының бірі - "Алма-Арасан" радон көзін реконструкциялау жоспарланып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алматы мәслихатының алдағы сессиясында 2025-27 жылдарға арналған бюджеттің тиісті жобасы қаралады. Бұл туралы қалалық мәслихаттың баспасөз қызметі мәлімдеді.

"Бірегей емдік қасиеттерімен танымал орын туристер мен қала тұрғындарын, қазақстандықтарды ғана емес, шетелдіктерді де өзіне тартады. Қазіргі инфрақұрылымның жағдайына, қолайсыздықтар мен тәуекелдерге байланысты қала тұрғындары мен туристердің көп шағымына жауап ретінде кешенді жаңарту туралы шешім қабылданды", - делінген хабарламада.

Онда кейінгі рет 2019 жылы жөндеу жасалған, оның инфрақұрылымы жайлылық пен қауіпсіздіктің заманауи стандарттарына сәйкес келу үшін реконструкциялауды қажет етеді.

"Абаттандыру жобасы инфрақұрылым объектілерін толық реконструкциялауды көздейді. Негізгі іс-шаралардың қатарында қауіпсіз сырғанауға қарсы жабындары бар жаңа көпірлер орнату, жол желісін және жаяу жүргіншілер аймақтарын жаңарту бар. Ең қауіпті учаскелерде қоршаулары бар баспалдақтар орнатылады, сондай-ақ зақымдалған элементтерді күшейту және ауыстыру жүргізіледі. Сонымен қатар барлық учаскенің палубасы болат тордан жасалады, бұл жазда да, қыста да қауіпсіздікті қамтамасыз етеді", - деп хабарлады Алматы мәслихатының баспасөз қызметі.

Сондай-ақ туристерге рельефті бағдарлауға көмектесетін, радон көзінің емдік қасиеттері туралы жаңа көрсеткіштер мен ақпараттық стендтер орнатылады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

М. Лұқпан