"Іші үлкейіп, кіндігі сыртқа шығып кеткен". Алматыда дәрігерлер 64 жастағы науқасқа күрделі ота жасады

"Іші үлкейіп, кіндігі сыртқа шығып кеткен". Алматыда дәрігерлер 64 жастағы науқасқа күрделі ота жасады
Фото: ДСМ баспасөз қызметі

Алматыда хирургтер егде жастағы науқасқа күрделі операция жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

№7 қалалық клиникалық ауруханасына 64 жастағы науқас көмек сұрап келген. Ол кейінгі бірнеше жылда ас қорыту жүйесі бұзылғанын, жүрегі айнитынын, іші қататынын, арықтағанын айтып шағымданған. Оның жағдайын асцит қиындата түскен. Салдарынан науқастың іші үлкейіп, кіндігі сыртқа шығып кеткен. Тіпті оған жату да қиынға соққан.

Дәрігерлер оған "Ұйқы безінің жалған кистасы (ісік)" (ҰБК) деген диагноз қойды.

64 жастағы науқасқа МӘМС шеңберінде медициналық көмек көрсетілді.

"Ұйқы безінің жалған кистасы панкреатит немесе панкреонекроздан, көбіне өт-тас ауруынан, асқазан-ішек жолдарының ойық жарасы, ішімдік ішу, дұрыс тамақтанбау, іштің жарақаты салдарынан пайда болады. ҰБК кезінде науқас бірден дәрігерге баруы керек. Диагноз қою үшін ультрадыбыстық зерттеу, іш қуысы ағзаларының компьютерлік томографиясы жүргізіледі", - деді №7 клиникалық ауруханасының директоры, хирург Манас Рамазанов.

Дәрігерлер пациет 2015 жылы панкреонекрозбен ауырғанын, жағдайы өте ауыр болғанын анықтады. Салдарынан ҰБК пайда болып, аурудың клиникалық белгілері пайда бола бастаған.

Науқасқа отаны тәжірибелі хирург Манас Рамазанов жасады.

"Пациентке 4 сағат бойы күрделі операция жасалды. Біз ісік (киста - еск.) қуысын асқазанмен байланыстырдық. ҰБК кезінде ісікті бірден алып тастай алмаймыз. Өйткені ол ұйқы безімен байланысқан және үнемі ферменттер шығарады. Біз ісікті асқазанның артқы қабырғасымен байланыстырдық. Осылайша, ісіктің сұйықтығы жиналмай, оны асқазан-ішек жолына түсуіне мүмкіндік бердік. Қиындықтарға қарамастан ота сәтті жасалды", - деді хирург.

Операциядан кейін науқастың денсаулығы жақсарды. Дәрігерлер оған салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтануға және жаман әдеттен бас тартуға кеңес берді.

Аяз Есен

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz