Оңтүстік Кореяда Хэллоуин оқиғасына қатысты бір айлық тергеу аяқталды және ол "техноген" апат деп жарияланды, - деп хабарлайды Channel News Asia.
Басылым мәліметінше, Оңтүстік Корея полициясы 23 шенеунікке қатысты қылмыстық іс қозғады. Оның жартысына жуығы - құқық қорғау органдары қызметкері. Олар байқаусызда адам өлтіру және оқиғаға немқұрайды қарағаны үшін кінәлі деп танылған.
Есепке сәйкес, арнайы тергеу тобы 160-қа жуық адамның өмірін қиған оқиға жергілікті билік қателігі екенін және оның алдын алуға болатынын мәлімдеген.
Ұлттық полиция бөлімінде осы оқиғаға қатысты арнайы тергеуді басқарған Сон Дже Хан әрі қарай іс материалдары прокуратураға жіберілетінін айтты. Айыпталғандар қатарында Сеул ауданының мэрі Йонсон Пак Хи Ен және ауданның бұрынғы полиция бастығы Ли Им Чжэ бар.
Ли оқиға орнына кешігіп келгенін жасыру үшін полиция есебін бұрмалады деп айыпталып отыр. Ал тағы екі полиция қызметкері компьютер құжаттарын және оқиғаға байланысты басқа да дәлелдерді жоюға тырысты деген күдікпен қамауға алынған.
Еске салайық, мыңдаған адам 29 қазанда Сеулдің әйгілі Итэвон ауданына кейінгі үш жылдағы алғашқы Хэллоуин мерекесін тойлауға жиналған болатын. Кейін көп адам жиналғанда хаос басталып, адамдар есінен танып қала бастаған. Сонымен қатар, кейінірек оқиға салдарынан қаза тапқандар саны артқаны белгілі болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!