Сеулде Хэллоуинді тойлау кезінде қаза болған танымал кореялық актер Ли Жи Хан оқиға кезінде кішкентай қызды аман алып қалғаны белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі kbizoom.com басылымына сілтеме жасап.
Бұған дейін Ли Жи Ханның Хэллоуин мерекесін тойлауға бармағаны, түсірілімнен кейін үйіне қайтып келе жатқаны, ал үйі Итэвон маңында орналасқаны белгілі болды. Оқиға орнында болған куәгердің айтуынша, актер өтіп бара жатқанда кішкентай қызды көпшілік арасында қалып қойғанын байқап, оны құтқармақ болған. Нәтижесінде қыз аман қалып, актер көз жұмды.
Кішкентай қыздың отбасы Ли Жи Ханның отбасына алғысын айтып, қайғыра көңіл айтты.
Әзірге актердің агенттігі бұл жаңалықты ресми растаған жоқ. Желі қолданушылары актерге құрмет білдіріп, пікір қалдырған.
"Ол адам өмірін сақтап қалған соң, көкке қайтқан періште. Бұдан былай ол аспанда жұлдыздай жарқырайды", "Үйіне бір-екі қадам ғана қалған екен ғой... Мейірімді жан, жатқан жері жайлы болсын", "Көзіме жас келіп отыр", "Батырлық танытқаныңызға рақмет, жатқан жеріңіз жайлы болсын", - деп жазған Желі қолданушылар.
Айта кетейік, Ли Жи Хан - кореялық актер, Mnet-тің "Produce 101" шоуының финалисі. Ол қаза болғанға дейін MBC арнасының "Көкду маусымы" драмасына түскен еді.
Еске салайық, бұған дейін Сеулде Хэллоуинді тойлау кезінде 155 адам қайтыс болып, 82 адам жараланғаны хабарланған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!