- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Оңтүстік Кореядағы ахуал
Сеулде қақтығыстар басталып, көшелерде әскери техника жүр
Сеулде оппозициялық күштер парламентке кіріп, 3 желтоқсанда Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ель жариялаған әскери жағдайды алып тастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ұлттық ассамблеяның сейсенбі күні кешкі отырысында жиынға қатысқан 300 депутаттың 190-ы әскери жағдайды алып тастау туралы қарарды қолдады.
Бұған дейін парламенттегі көп орынға ие Оңтүстік Кореяның оппозициялық Демократиялық партиясы өз депутаттарын шұғыл түрде Ұлттық ассамблеяға (парламентке) шақырған еді.
Оппозиция жетекшісі Ли Джэ Мен президенттің шешімін "конституцияға қайшы" деп атап, оны "халыққа қарсы қадам жасады" деп айыптады. Саясаткер "Юн Сок Ель енді президент емес" деді және азаматтарды парламентке келуге шақырды. Осыдан кейін Сеулдегі парламент маңында қақтығыстар басталды.
Әскери жағдай енгізілгеннен кейін Оңтүстік Корея астанасының көшелерінен әскери техникалар көзге түсті. Парламент ғимаратының үстінен жауынгерлік тікұшақтар ұшты.
Оңтүстік Кореяның конституциясына сәйкес, заң шығарушыларды әскери жағдай туралы бұйрықпен қамауға алуға болмайды және Ұлттық жиналыс мүшелерінің көпшілігі қолдап дауыс берсе, үкімет әскери жағдайды да жоюы керек.
Оңтүстік Кореяның президентті қолдайтын партиясының жетекшісі Хан Дон Хун мемлекет басшысы енгізген және парламент күшін жойған әскери жағдайдың алынып тасталғанын мәлімдеді. Сондай-ақ саясаткер Сеулде армия мен полицияны жұмылдыру заңсыз екенін айтты.
Ал Оңтүстік Кореяның жетекші оппозициялық партиясы ел президенті Юн Сок Ельді конституцияны бұзғаны үшін жауапкершілікке тартуға шақырды.
Демократиялық партияның пікірінше, әскери жағдайдың енгізілуі ел конституциясын тікелей бұзудың көрінісі болды.
"Президент бұл үшін жауап беруі керек", - деп жазды Демократиялық партияның өкілі Ким Мин Сок Facebook-те.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
М. Лұқпан