Сеулде әлемді дүр сілкіндірген қайғылы оқиға себебі қандай? Болжамдар

Оңтүстік Кореяда Хэллоуин мерекесіне арналған шарада 154 адам қысылып, қаза болды. Олардың арасында бір қазақстандық бар. Massaget.kz тілшісі Сеулде болған оқиғаның мән-жайына шолу жасады. 

Жағдай қалай басталды?

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, Сеул орталығындағы Итэвон, Енсангуде шамамен 100 мың адам жиналған. Бұл ауданда түнгі клуб пен барлар көп.

Оқиға жергілікті уақыт бойынша сағат 22:20-да (Астана уақыты бойынша 18:20) Итэвондағы Hamilton қонақүйі маңындағы жаяу жүргіншілерге арналған көшеде басталды. БАҚ мәліметінше, бұл көшенің ені шамамен 4 метр және ұзындығы 40 метр.

Getty Images

Сол күні сағат 22.22-де өрт сөндіру бөліміне адамдар тыныс ала алмай жатқаны туралды қоңыраулар түсе бастаған. 

Оқиға орнына 1700-ден аса дәрігер мен құтқарушы және 140 жедел жәрдем мен өрт сөндіру бригадасы жіберілген. 70-ке жуық адам оқиға орнында бірден қаза тапса, қалғандары жолда немесе ауруханаларда көз жұмған.

Сеул билігі өкілдерінің айтуынша, оқиғадан кейін 355 адам із-түзсіз жоғалып кеткен. 

Reuters

Болжамдар: қайғылы оқиғаның себебі

YTN басылымының мәліметінше, оқиға көшедегі бардың біріне танымал адамның келуінен басталған. Алайда басылым танымал адамның аты-жөнін, қай бар екенін хабарламады.

KBS телеарнасының мәліметінше, клубтардың бірінде есірткі қосылған тәтті таратылған. Тағы бір деректерде адамдар екі түрлі бағытта жүргеннің кесірінен соқтығысып, қысылып қалған делінеді. 

Ал Korea JoongAng Daily басылымы қайғылы оқиғаға Хэллоуин мерекесін өткізуге жауапты ұйымдастырушының болмауы әсер етті дейді.

Сондай-ақ, куәгерлердің айтуынша, оқиғаны бастағандардың арасында 5-6 шетелдік болған. Куәгерлер басына қоян құлағын таққан адам қысылып тұрғандарды әдейі итергенін айтады.

koreaherald.com

Билік реакциясы

Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ель үкіметке жарақаттанғандарға жедел көмек көрсетуді тапсырды. Ал Сеул мэрі О Се Хун да Еуропаға іссапарынан дереу оралуға шешім қабылдаған.

"Үкімет бұл қайғылы оқиғаның себебін мұқият тексереді және мұндай жағдай қайталанбауы үшін қажет институционалдық өзгерістерді енгізу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Біз зардап шеккен отбасылардың пікірін ескере отырып, қажет қолдау көрсетуге бар күшімізді саламыз", - деді премьер-министр Хан Дак Су.

Аза тұту күні

Кореяда 5 қарашаға дейін бір апталық аза тұту жарияланды. Билік өкілдері қаза тапқандардың туыстарына өтемақы төлеу мәселесін талқылап жатыр. Сондай-ақ, Сеул-плазада және Итэвон аймағындағы екі уақытша мемориалды ашуды жоспарлап отырғаны хабарланды. SM, YG сынды ірі компаниялар да Хэллоуинге жоспарлаған іс-шараларын тоқтатты.

Getty Images

Оңтүстік Корея басшысы мен бірінші ханым Ким Гон Хи Итэвон маңында пайда болған уақытша мемориалда қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтып, гүл шоқтарын қойды.

Қаза болғандардың көпшілігі 20 жаста болған. Олардың арасында 97 әйел мен 54 ер адам болған. Қайтыс болған шетелдік азаматтар арасында Иран, Өзбекстан, Қытай және Норвегиядан келгендер болған.

Сеулде Хэллоуинді тойлау кезінде қазақстандық қаза болған

Сеул қаласының жедел штабы мен полициясының мәліметінше, Итэвон ауданындағы қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқандар арасында Қазақстан Республикасының 1996 жылы туған азаматы болған. Ол - Ақтөбе облысының тумасы. Қазақстан азаматы Корея Республикасында жоғары оқу орындарының бірінің студенті болған.

"Қазақстандық дипломаттар қаза тапқан адамның туыстарымен байланыста, құжаттар ресімделіп жатыр және мәйітті Қазақстанға жөнелтуде барлық қажет көмек көрсетіледі", - делінген Сыртқы істер министрлігі хабарламасында.

@massaget.kz #хэллоуин#корея??#корея#halloween#давка#қазақстан#жаңалық#казахстан#рек#новости#news#kazakhstan#хочуврек ♬ оригинальный звук - Massaget.kz

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!