Танымал ақын Серікзат Дүйсенғазының 16 жастағы ұлы қаза болған еді. Бұл хабарды ақынның жақындары Facebook-парақшасында жазған болатын. Ақынның өзі де Instagram-парақшасында ұлына арнап жазба жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Ей, жүрегім, сабыр, сабыр, сабыр де,
Жасамайын күпіршілік Тәңірге.
Құлынымды қиып бердім, қайтейін,
Қабырғасы қара суық қабірге.
Тура келген не істей алам ажалға?
Сөз таба алмай қор болдым-ау жазарға.
Қаламымнан қара сия төгілді,
Ақ парақтың бетіндегі ғазалға.
Қапелімде ой да келмей орамды,
Тоқтата алмай көзден аққан сорамды.
Қаңтар туа қаңтарылдым баса алмай,
Ішімдегі алай-түлей боранды.
Жылаймын ғой, қайтем енді жыламай,
Тағдыр мені жібермеді сынамай.
Күңіренген шығар бәлкім осылай,
Әбішінен айрылғанда ұлы Абай.
Зор қайғыдан көтере алмай еңсемді,
Көз алдымда аспан мен жер теңселді.
Он алты-ақ жыл ойнақтаған, қарғам-ай,
Сенен де әттең, өтті-ау жалған өлшеулі.
Ғалым болар, ақын болар деп едім,
Көз тиді ме дара туған бөбегім?
Өң мен түстің арасыңда отырмын,
Түсім қашып түсіне алмай себебін.
Дүниенің өлшей білген парығын,
Адалдықты жүрегіңнен таныдым.
Зау биікте аппақ қардың үстінде,
Заулап келіп жаны үзілген жарығым.
Әулетімнің маңдайдағы бағы едің,
Әкесінен ассам дейтін бала едің.
Арманыңа жетпей кеткен жаныңды,
Тыныштықта әлдилесін ақ өлім.
Ауырлығы қара жердей сынақтың,
Қасіретіне қарсы тұрып шыдаппын.
Құлыншағым шапағатшы болар деп,
Бақшасында сегіз түрлі жұмақтың", - деп жазған ақын Желіде.
Танымал адамдар мен Желі қолданушылары Серікзат Дүйсенғазының қайғысына ортақтасқан.
"Серікзат аға, қайырлы қаза болсын! Өте өкінішті, әттеген-ай, дым көрмей кетті ғой. Алла алдынан жарылқасын. Жаны жәннатта болғай ініміздің. Алла сабыр берсін сіздерге. Бекем болыңыз!", "Секе, отбасыларыңа түскен орны толмас қайғыңа ортақпыз. Орны толмас өзекті өртейтін өкініш.... Ажалға не шара?! Алла Тағала сабыр берсін! Құйрықты жұлдыздай ағып түскен Құлыншақтың жаны пейіште шалқысын. Әкесі мен анасына шапағатшы болсын", "Қайғыңызға бүкіл ел ортақ, өте қиын жағдай. Жұмақта шалқысын ұлыңыз", "Алла құлыншағыңыздың жанын жәннәттан қылсын", - деп жазған пікір білдіргендер.
Еске салайық, бұған дейін танымал айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазының ұлы қайтыс болғаны хабарланған болатын. Кейінірек осы іске қатысты соталды тергеу басталғаны белгілі болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!