- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Серік Күдебаевқа қатысты...
Серік Күдебаевқа қатысты үкім өзгеріссіз қалды
Жетісу облысының сотында Серік Күдебаевқа қатысты үкім өзгеріссіз қалдырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жетісу облыстық сотында Алматы облысы ПД бұрынғы басшысы Серік Күдебаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша апелляциялық шағым қаралды. Күдебаевқа қатысты 2023 жылғы 28 сәуірдегі үкім өзгеріссіз қалдырылды.
Айта кетейік, былтыр сәуірде бірнеше аймақтағы Полиция департаменттері мен ҰҚК басшылары қаңтардағы тәртіпсіздік бойынша күдікті деп танылды. Екі аптадан кейін ІІМ басшысы Серік Күдебаевты қызметінен босатты. Содан кейін ол өз еркімен кеткені туралы хабарланды. Ал мамырда қаңтар оқиғасы бойынша күдіктілер тізімінде Күдебаев та бар екені белгілі болды.
Сондай-ақ, биыл 5 қаңтарда Мәжілісте Алматы облысы ПД бастығы Серік Күдебаев түсіп қалған видео көрсетілді. Кадрларда ол қарулы күзетпен өзі күзетуі қажет болған департамент ғимаратынан кетіп бара жатады.
Еске салайық, бұған дейін прокурор Серік Күдебаевты 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрағаны хабарланған болатын. Кейін күдікке ілінген генерал Күдебаев ауруханаға түскені белгілі болды. Сондай-ақ, Серік Күдебаевқа қатысты сот отырысы төртінші рет кейінге шегерілді.
Генерал Серік Күдебаев сотқа мәжбүрлі түрде жеткізіледі
Кейін Күдебаевқа халықаралық іздеу жарияланғаны белгілі болды. Сондай-ақ, оның жұмыс істеп тұрған шекара бекеттерінен өтпегені хабарланды.
Ал ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы, генерал Серік Күдебаев Қырғызстанмен мемлекеттік шекараны кесіп өтуі мүмкін жерді іздестіріп жатқаны белгілі болды. Ал БАҚ-та "генерал Солтүстік Кипрде жүр" деген ақпарат та тараған еді. Бас прокуратура Күдебаев Бішкектен Ыстамбұлға ұшып кеткені туралы мәлімдеме жасады.
Қашқын генерал Күдебаевтың тауда жеке шаруашылығы бар - ҰҚК
Кейін Бас прокуратура генерал Күдебаев ұсталғанын растады.
28 сәуірде Күдебаевқа сот үкімі шықты. Жетісу облыстық соты мәліметінше, Серік Күдебаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын орташа қауіпсіз мекемесінде өтейді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Д. Шәріпхан