Серік Қожаниязов Қызылорда әкімі болып тағайындалды. Ол мұның алдында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Актив отырысында өңір басшысы Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің және Қызылорда мәслихатының келісімдері бойынша облыс әкімінің өкімімен қала әкімі лауазымына Серік Қожаниязов тағайындалғанын мәлімдеді.
"Серік Салауатұлы – облыс көлемінде ғана емес, республикалық деңгейде мойындалған білікті маман, тәжірибелі басшы. Облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметінде ол жетекшілік еткен салалардың макроэкономикалық көрсеткіштерінде өсім қалыптасты. Серік Салауатұлының көп жылғы тәжірибесі мен түрлі салаға жетекшілік еткен кезеңдердегі сапалы жұмысын, жедел әрі жүйелі шешім қабылдайтын, кез келген іске жоғары талап қоятын қабілетін ескеріп, Қызылорда қаласының әкімі қызметіне тағайындау туралы шешім қабылдадық. Мемлекет басшысының, Үкіметтің алдымызға қойған міндеттері мен тапсырмаларын сапалы орындап, қызылордалықтардың әл-ауқатын арттыруға аянбай жұмыс жасайтынына сенемін. Облыс тұрғындарының басым бөлігі қалаға қоныстанып, шаһар аумағы ұлғаюда. Қызылорда халықтың тұрмыс-тіршілігіне қолайлы, жайлы ортаға айналып, барлық аудандарға үлгі болуы керек. Жаңадан тағайындалған қала әкіміне экономиканың барлық салалары бойынша әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерде нәтижелі жұмыс көрсетуді тапсырамын. Ол үшін барлық мүмкіндіктер бар", - деді облыс әкімі.
Жаңа тағайындалған қала әкіміне жылу маусымын жоғары деңгейде, іркіліссіз ұйымдастыру, коммуналдық сала қызметінің үзіліссіз, сапалы қызмет көрсетуін үйлестіру, кезекте тұрған әлеуметтік осал топтағы отбасылар мен жастарды тұрғын үй және жер учаскелерімен қамтамасыз етуге бағытталған шараларды қабылдау міндеті жүктелді. Сонымен бірге жаңа жұмыс орындарын ашып, салық түсімін арттыру, шет аймақтардағы жолдарды жөндеу, көше құрылысы мен электр желілерін жаңарту, қаланы және елді мекендерді абаттандырып, сәулет келбетін қатаң сақтау тапсырылды.
Серік Қожаниязов 1965 жылы Қызылордада дүниеге келген.
Кузбасс политехникалық институтын, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 1989 жылы жөндеу-механика зауытында инженер-технолог болып бастаған. Әр жылдары жеке меншік секторында жұмыс істеген.
2001-2005 жылдары — Қызылорда облысы әкімі аппаратының индустриялық-инновациялық даму бөлімінің меңгерушісі,
2005-2007 жылдары — Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінің директоры,
2007-2008 жылдары — Қызылорда қаласының әкімі,
2008-2014 жылдары ҚР Премьер-министрінің кеңсесінде түрлі лауазымда қызмет атқарған.
2014-2019 жылдары — Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің "Байқоңыр" кешеніндегі арнайы өкілі,
2019 жылдан 2021 жылғы қаңтарға дейін ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып жұмыс істеді.
2021 жылғы қаңтардан 2022 жылғы маусымға дейін ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі лауазымында болды.
2022 жылғы маусымнан қазірге дейін Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!