Қазақстан мен Сербия президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Вучич екі елдің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді. Мемлекет басшысы меймандарға ілтипат білдіре отырып, бұл сапар Қазақстан мен Сербия арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толуы қарсаңында өтіп жатқанына назар аударды.
"Сербия - Еуропадағы маңызды стратегиялық серіктесіміз. Көптеген саладағы өзара тиімді байланыстарымызды одан әрі нығайтуға ниеттіміз. Бүгін екіжақты ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беру тәсілдерін талқыладық. Өз тарапымыздан екі ел арасындағы ықпалдастықты кеңейтуге барлық жағдайды жасайтынымызды жеткізгім келеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев Астана мен Белград арасында конструктив саяси диалог жолға қойылып, парламентаралық байланыс нығайып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, мемлекеттік органдар мен іскерлік топтардың ықпалдастығы дәйекті түрде дамып жатыр.
Қазақстанда 60-тан аса сербиялық компания қызмет етеді. Президент Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия тиімді жұмыс атқарып жатқанын айтты. Мемлекет басшысы сапар аясында Сербиядан іскерлік топ өкілдері келгенін құптады. Кеше өткен Қазақстан-Сербия Іскерлік кеңесінің нәтижесі сауда және инвестициялық байланыстарды кеңейте түсетініне сенім білдірді. Президент еліміздің халықаралық бастамаларына қолдау білдіргені үшін Сербия тарапына ризашылығын жеткізді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!