Бүгінде халық арасында қазақтың ұлттық өнеріне деген сұраныс күн санап артып келе жатыр. Рухани құндылықтармен, төл тарихымызбен, ұлттық болмысымызбен астасқан дүниелер қалың көпшілікке ұнап, трендке айналып жатқаны да жасырын емес. Соның бірі - ұлттық ойындар. Халқымыз ежелден баласының тәрбиелі, саналы, ойы ұшқыр, қиялы жүйрік болуын қалаған. Сондықтан әрбір ұлттық ойын осындай мотивке негізделген. Massaget.kz тілшісі қазақтың ұлттық ойындарын жаңғыртып жүрген, атақты Louis Vuitton компаниясынан бірлесіп жұмыс істеуге шақырту алған 22 жастағы астаналық Айнұр Полатовамен сұхбаттасты.
Айнұр - Еуразия ұлттық университетінің 1-курс магистранты. Негізгі мамандығы - қазақ филологиясы. 22 жастағы Ақтөбе облысының тумасы қарапайым отбасынан шыққан. Ұлттық ойындарды әлемдік деңгейге көтеру идеясы пайда болғанда айтарлықтай қаржысы да болмапты. Алайда ниеті мен сапалы өнімі осындай нәтиже көрсетіп, берекелі болып отыр.
"Бәрі антикафеден басталды"
Қазақтың төл туындысын әлемдік деңгейге көтеру деген идея антикафеден басталыпты. Өйткені көп адам бас қосқан жерде жастар жағы шетелдік ойындарға құмар немесе әдетте телефонға телміріп отырады.
"Бәрі антикафелердің бірінде достарыммен отырған кезде пайда болды. Сол жердегі шетел ойындарын көріп, "бізде осыны алмастыра алатындай, үстел форматына келетіндей ойындар бар ма?" деген сұрақ туындады. Әрине, білетініміз - тоғызқұмалақ. Оның ұсынылу түріне қарасақ, мәселен, сырты - пластик, ішіндегі тастарының өзі әдемі емес. Жастарды да қызықтыра қоймайды. Сол кезде көз алдыма бірден қорапшадағы асықтар келді. Бірақ оны қалай байланыстырарымды, қандай ойын ұсынарымды білмедім. Бір айдай кітапханаларда жүрдім. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханадан біраз энциклопедия, кітап таптым. Салыстыра келе кейбір ойындардың ережелері әртүрлі екенін түсіндім. Этнографтармен кездестім. Осылайша, нақты ережелерін бекітіп, бастапқыда алты ойын жоспарладым. Сол алты ойынды жобаға айналдыру қажет болды. Басында инвестиция тартуды, грантқа өтінім беруді ойластырдым. Еуразия ұлттық университеті маңында бизнес инкубатор орталығы бар. Сол жерге барып, идеямды айтқанда, нақты жобамен, дайын өнімдермен келсем, грант ұсынулары мүмкін екенін жеткізді", - дейді ол алғаш идея қалай келгені туралы.
Кез келген жоба қиындықсыз келмейтіні рас. Айнұрдың айтуынша, оның жобасы да қиындықсыз болмапты.
"Инвестиция салатын адам жобаң бастапқы процесстерде болса, соның жүзеге асуына көмектесуі керек. Грант алу үшін де солай. Бізде бәрі керісінше. Сенің қолыңда дайын нәрселер болса ғана грант алуың мүмкін. Онда да мүмкін. Сөйтіп, қолда бар қаражатымды жинақтап, несие алып, тәуекелге бардым. Дизайнер іздедім. Қаржылық жағынан ыңғайлы болуы үшін студенттерді тартсам ба деп ойладым. Бірақ бірнешеуімен жұмыс істеп қарағаннан кейін олай болмайтынын түсіндім. Бұл нәрсені бастаған соң кәсіби түрде сапалы өнім шығаруды ойладым. Сөйтіп, Астанадан Жанғазы Сейдахмет деген ұлттық өнімдерді жаңғыртып жүрген атақты дизайнермен таныстым. Сол кісімен кездесіп, идеямды ұсынған кезде таңғалып, бірден келісті. Солай ақшасын бірден аударып, ол кісі бір айдан кейін сұлбаларды, ойынның, брендтің дизайнын, логотипін дайындап берді", - дейді ол.
"Бизнес болсын деген ой болған жоқ"
Бұл жобаны оқушыларға ұсынған кезде де үлкен қызығушылық тудырыпты.
"Одан кейінгі мәселе қорапшаларды дайындайтын кәсіпорындарды табу болды. Бұл жерде де Жанғазы аға көмектесті. Сөйтіп, бәріне тапсырып беріп, 12 қарашада барлығы дайын болды. 13 түсірілім жасап, таныстыра бастадым. Ресми таныстырылым Түркістанда өтті. 28 қарашада көшпенділер жәрмеңкесінде ойындарымды таныстырып, саттым. Сол кездегі халықтың ықыласын көріп, шынымен де, бұл нәрсенің болашағы, берекесі бар екен деген тоқтамға келдім. Түркістандағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры шақырып, оқушыларға таныстырдым. Олардың реакциясы, эмоциясы мені қуантты. Сол жердегі шетелдік мұғалімдердің эмоциясы қуантты. Осылайша, бұл істі жақсы деңгейге көтерсем деген ниет пайда болды. Алайда бизнес болса екен деген ой болған жоқ. Алғашында ұлттық ойындарды жаңғырту, дамыту деген идея болды", - дейді Айнұр.
Қаршадай қыздың мұндай үлкен жоба бастап, жүзеге асыруы - үлкен ерлік. Алайда ол қандай қиындықтар бар екенін айтты.
"Бірақ жаңа ойындар шығару үшін бәрі қаражатқа тіреледі. Өйткені жарнама, маркетинг жағы қаржыға байланысты. Сондықтан бірден сатылым ашуға дайын болмадым. Сатылым желтоқсанның ортасында ашылды. Бір қызығы сол кездің өзінде адамдар жақсы тапсырыстар жасады. Одан кейін шеберханаларды ауыстыруға тура келді. Өйткені өнімді болмай кетті. Қазір бір ретке келген сияқты. Бірақ қаражат мәселесіне байланысты жұмыс тоқтап тұр. Негізі сату үшін қолда өнім болғаны жақсы. Өнімдерің қолда болса, еркін тарата аласың. Бірақ олар да сатылмай тұр. Тағы да жасау үшін тағы да қаражат керек", - дейді ол.
Ойынның қандай түрлері бар?
Айнұрдың айтуынша, қазір ойынның бес түрі бар екен. Бестемшелер бұрын тек киіз үй формасында шығыпты.
"Қазіргі кезде күрделендіріп, жаңа формасын ойлап таптым. Оны ересектер алып жатыр. Қазір "Тұмар", "Ағаш үй" бестемшелері, "Тоғызқұмалақ" және "Құмар", "Бес тас" деген ойындар бар. Қазір тағы бір қиындық команда жоқ екені болып отыр. Яғни тек өзім жүргендіктен дамуға кедергі келтіріп жатқан секілді. Алайда команда құру да уақыт пен қаражатты талап етеді", - дейді ол бұл туралы.
Ұлттық ойындар кішкентай балалардың да қызығушылығын оятыпты. Десек те мұны тек кішкентайларға емес, үлкендерге де ұсынуға болады. Айнұр осы мақсатта кафе, мейрамханаларға да ұсыныс білдіріпті.
"Қаңтарда екі балабақшаға 30 бестемше саттық. Негізі қазір бестемше ойындары үлкен сұранысқа ие. Олар - балабақша, мектептерге өте пайдалы ойындар. Баланың логикасын, статистикалық ұшқырлығын, қол моторикасын дамытады. Екінші бір пайдасы, қазір ата-ана мен баланың немесе балалардың өзара қарым-қатынасы әлсіреп тұр. Бұл ойындар екі адаммен немесе топ болып ойналатын болғандықтан коммуникацияны жақсартады. Балалардың сан үйренуіне көмектеседі. Алматыдағы Tary, Bauyrdaq кафелеріне ұсынған кезде қандай тиімділігі болды? Тапсырыс берушілер өз тапсырысын күтетін уақытта зерікпеуі, уақытын тиімді өткізуі үшін осы ойындар көмектеседі. Менің ойымша, бұл - шетелге шапан, Қазақстан шоколады секілді ұсынатын бірден-бір сый. Қаншама ұсыныстар жасадым, кері байланыс ала қойған жоқпын", - дейді ол.
"Сенбедім". Күтпеген жаңалық
Ал жақында күтпеген жаңалық болыпты. Айнұр осы жобаның арқасында әлемдік бренд Louis Vuitton компаниясынан шақырту алған.
"Маған бір орында отырған ұнамады, дамыту керек болды. Осылайша, Louis Vuitton брендіне хат жазуды ұйғардым. Олар жақын арада киіз үй формасында ғимарат жасаған еді. Соның концепциясын негізге ала отырып, өзімді, ойынды таныстырдым. Киіз үй бестемшесінің сыртқы формасы киіз үйге ұқсайтынын, олардың да осындай дүние жасағанын айтып, екеуін байланыстырып, осындай формадағы сөмкелер жасауға ұсыныс білдірдім. Әзірше мұндай формадағы сөмкелер жоқ. Яғни, біріншіден, ойын. Екіншіден, пайдалы сөмке бола алады. Желіде тараған Криштиану мен Мессидің шахмат ойнап отырған атақты суретін байланыстырдым. Осыларды байланыстыра келе хат жаздым. Олар бір аптадан кейін менің хатымды Louis Vuitton қоры қабылданғанын растап, идеям ұнағанын айтып, қосымша көмек үшін Louis Vuitton-ға хабарласуым керек екенін айтып, нөмір қалдырды. Ол нөмірге хабарласқан кезде алғашында оператор шығар, өтірік шығар деп ойладым. Сенімсіздік болды. Алғашында оператор алды. Осындай хат келгенін түсіндірдім. Олар сол жердегі әкімшілермен байланыстырды. Кейін олар мені осы жазда Париждегі Louis Vuitton-ға шақырды. Өйткені осындай ресми байланыстар сонда жүзеге асатыны айтылды. Өзім Германияға сапарды жоспарлап отырмын. Тағы да қаражат жағынан қиындық болып жатыр. Бірақ Парижге барып, Louis Vuitton-да ойындарымызды танытқым келеді. Өйткені әу баста осындай әлемдік бренд жасау ойда болды. Бұйырса, сол деңгейге жетемін деген ойда", - дейді арманы асқақ қыз.
"Ұялмай көрсететін дүние"
Қазір балалар арасында дамудың ауытқушылығына байланысты аурулар белең алып барады. Осы орайда ұлттық ойындар балаларға бірден-бір көмекші құрал болары сөзсіз.
"Қазір смартфон үлкен дертке айналып отыр. Балалардың бәрі кішкентай кезінен бастап ойын ойнайды. Мағжан Жұмабаевтың "Педагогика" еңбегінде де қиял балаға қатты әсер ететіні айтылады. Стив Джобс секілді мықты өнертапқыштар неге осы деңгейге жеткені туралы мақалалар жазылып, деректі фильмдер түсіріліп жатыр. Сонда барлығы кішкентай кезінен бастап қиял ғажайып фильмдер көрген, ойыншықтар ойнаған. Ал біздің балалардың бәрінің назары шетелдік ойындарда. Сол назарды өзіміздің танымымызға келтірсек деген ой болды. 10 жасқа дейін бала ұлттық құндылықтарымызды сіңіріп өссе, оның жадында мәңгілік сақталып қалады. Бұл дәлелденген. Сондықтан жанашырлықтан шыққан жоба", - дейді ол.
Айнұр "Талапай" деген атауға ие болған бұл жобаның шетелдіктерге Қазақстанды танытатын бренд болатынына сенеді. Сондықтан ойынның нұсқаулығы үш тілде әзірленген.
"Шетелге шығарсақ та ұялмай көрсететін дүние болсыншы деген ой болды. Сол үшін ережелер үш тілде жасалды. Көп ұсыныс болды. Мәселен, ірі сауда орталықтарында ата-аналарымен бірге жүретін балалар көп. Ата-аналары сауда жасап жүрген кезде балалары телефонға телміріп отырады. Ал ондай сауда орталықтарының едендері бос. Сол едендерге шеңбер сызып қойсақ. Асықтарын мен апарып беретінімді де айтқанмын. Бірнеше хат та жазғанмын. Балалардың назары ауар еді. Оған тәжірибе жасап көрдім. Өзімнің пәтерінің кіреберісінде ойнайтын балаларға берсем, олар қызығып ойнаған еді. Сондықтан менің тарапымнан осындай хат көп жолданды. Бірақ дауысымды әлі күнге дауысым естілмей жатыр. Қазір отандық киім, тамақ индустриясы дамып жатыр. Бірақ ойын толық қолға алынбаған", - деп түйіндеді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!