Қазақстандық Михаил Шайдоров Италияда өткен қысқы Олимпиада ойындарында ерлер арасындағы жеке сырғанаудан алтын медаль жеңіп алды. Қазақстан тарихында мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш спортшы туралы не белгілі? Толығырақ Massaget.kz материалында.
Қысқа бағдарламадан кейін Михаил Шайдоров 5-орында болған, алайда еркін бағдарламаны мінсіз орындап, жалпы 291,58 ұпай жинап, қарсыластарын басып озды. Екінші орынға Жапония өкілі Юма Кагияма, ал үшінші орынға тағы бір жапониялық Шун Сато ие болды.
Қазақстанда мәнерлеп сырғанаудан көшбасшысы атанған Шайдоров 2004 жылы Алматыда дүниеге келген. Бала күнінде спортқа әкесінің арқасында келген, ал 2018 жылдан бері оның тәлімгері - Олимпиада чемпионы Алексей Урманов.
2022 жылы Шайдоров жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында күміс медаль алды: ол тек Илья Малининге ғана жол берді, әрі қысқа бағдарламадан кейін 8-орында тұрған. Үш жылдан соң осы жағдай ересектер арасындағы әлем чемпионатында да қайталанды, Шайдоров тағы да күміске қол жеткізді, ал америкалық спортшы чемпион атанған.
Бұдан бөлек, Шайдоровтың еншісінде Төрт құрлық турниріндегі жеңіс және Денис Тен мемориалындағы екі алтын бар.
Айта кетейік, ресейлік БАҚ кейде Шайдоровты "бұрын Ресей азаматы болған" деп атап жатады. Бірақ бұл ақпаратты спортшы да, ұлттық құраманың бас бапкері Асем Қасанова да жоққа шығарған.
"Нақтылай кетейін. Миша Алматыда туған. Біз оның әкесі Станислав Шайдоровпен және өзге балалармен бірге Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Адольф Киреевтің қарамағында Алматыдағы №6 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жаттыққанбыз", - деп атап өткен ол Tengri Sport-қа берген сұхбатында.
Михаил Шайдоровтың бұл алтыны - Қазақстан тарихындағы қысқы Олимпиададағы екінші алтын. Алғашқысы 1994 жылы шаңғышы Владимир Смирнов жеңіп алған.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!