Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшелері Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевпен бәсекелестік мәселелері жөніндегі заңнамаға түзетулерді талқылады.
Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Асқар Бисенбаев кездесуге қатысушыларға арнап сөз сөйледі. Сенатор заң шығару барысында заң жобасын әзірлеушілермен, сарапшылармен және басқа да мүдделі тараптармен пікір алмасу пайдалы болатынын атап өтті.
«Қазіргі кездегі жұмыстарға талдау жасау, сондай-ақ Парламент депутаттарының аймақтарда жұртшылықпен жүздесулері ең көп қойылатын қатарында бөлшек саудасын реттеу тетіктерінің жетілмегені және еліміздің бірқатар қалалары мен облыстарындағы азық-түліктің жекелеген түрлерінің бағасының өсуіне байланысты сауалдар болып қала беретінін көрсетіп отыр», - деді А.Бейсенбаев.
Министр Қ.Бишімбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстыра отырып жобада міндеттерді, антимонополиялық қызметтің мәртебесі мен жұмыс тәртібін, сондай-ақ басқа елдердің құқық қорғау және антимонополиялық мекемелерімен өзара іс-қимыл тетіктерін белгілеу көзделіп отырғанын айтты.
Ол нтимонополиялық әсер ету құралдарын ұсына отырып біздің еліміз 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап бағаны реттеуден бас тартқанын еске салды. «Бұл өзінің нарықтың жағдайын асыра пайдаланатын нарық субъектілері үшін қатаң қаржылық зардаптары бар жеткілікті икемді құрал», - деді Қ.Бишімбаев.
Оның айтуынша, бағаның күрт өсуі мен әлеуметтік шиеленіс арта түсуі ықтимал аймақтарды анықтауға мүмкіндік беретін 47-ден астам тауар нарықтарына талдау жасалды. «Нәтижесінде 4 салада, атап айтқанда, теміржол тасымалы, электр энергетикасы, газбен қамтамасыз ету және әуежай қызметтері салаларын реттеуді сақтап қалу ұсынылды», - деді министр. Бұл тауар нарықтарын қоғамдық маңызы бар деп белгілей отырып, шамамен 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін бағаны реттеуді сақтау ұсынылып отыр.
Сенаторлар салалық мекеме өкілдеріне сауалдар қойды. Атап айтқанда, депутат Асқат Күзеков монополистер мен үстемдік ететін компаниялар тарапынан бағаның бақылаусыз өсуіне алаңдаушылық білдірді. Сенатор Сәрсенбай Еңсегенов тауар нарықтарындағы жағдайды тұрақтандыруда бағаны мемлекеттік уақытша реттеу мерзімін 180 күннен асырмау мүмкіндігі туралы ережені қолдану тәжірибесіне назар аударды. Сондай-ақ ол заңнамаға Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы ережелерін енгізуде Қазақстанның ерекшеліктері қаншалықты есептелетіні туралы сауал қойды.
Парламентшілер Асқар Бейсенбаев, Мұратбай Жолдасбаев және Бекмырза Еламанов азық-түлік тауарларына, дәрі-дәрмекке, көлік қызметіне бағаның елеулі түрде өскенін атап өте келіп, сауда үстемесінің өсу мәселелеріне, сондай-ақ инфляция көрсеткіштерін шынайы есептеу қажеттігіне назар аударды.
Депутат Елеусін Сағындықов квазимемлекеттік субъектілердің, оның ішінде аймақтардағы қызмет түрлерінің қысқартылуына байланысты уәкілетті орган өкілдеріне жағдайды түсіндіруді өтінді. Сенатор Михаил Бортниктің сауалы тарифтерді қалыптастыру барысында ықтимал қателіктер үшін реттеуші органдардың жауаптылығына қатысты болды. Пікірсайыс барысында депутаттар талқыланып отырған заң жобасының мазмұны бойынша бірқатар ұсыныстар айтты.
Кездесуді аяқтай келіп, А.Бейсенбаев антимонополия саласындағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі бұдан былайғы жұмыстар барысында талқылау нәтижесі пайдалы болатынына сенім білдірді.
Дереккөз: 24.kz