- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Сенатор ресейлік тарихшының...
Сенатор ресейлік тарихшының "қазақ ұлты болмаған" деген даулы мәлімдемесіне жауап берді
Сенат депутаты Сергей Ершов ресейлік тарихшы Михаил Смолиннің "қазақ ұлты болмаған" деген даулы мәлімдемесіне пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қазақстанның ресми тарихы бар. Жеріміздің тарихы өте бай. Мұнда түркілер болған және бола береді. Онда (Ресейде – автор) кімнің не айтып жатқаны – екінші мәселе. Сондықтан бұған біз мән бермеуіміз керек", - деді Сергей Ершов Сенаттың жалпы отырысынан соң.
Сенатордың пікірінше, мұндай арандатуға "жоғарыдан (тапсырма)" берілмеген, алайда бұл біреуге тиімді екені анық.
"Менің ойымша, бұл біздің (Қазақстан мен Ресей – автор) қарым-қатынасымызды бұзу үшін арнайы жасалып отыр. "Міне, бұл –жаман, біз – жақсымыз" деп тағы айтқысы келетін сияқты.
Біз – қазақстандықпыз, қазақстандықтардың бірлігіне сызат түсіруден не пайда? Біздің тарихымыз бай. Ұлы Отан соғысында бірге соғысып, 600 мың адам қаза тапты. Әрбір төртінші қазақстандық соғысқа қатысты. Менің ойымша, бұл біз үшін маңызды факт", - деді депутат.
Журналистер Сергей Ершовқа "Қазақстан мұндай даулы мәлімдемеге, мысалы ресейлік танымал тележүргізуші Тина Канделакидің сөзіне ресми түрде жауап беруі керек пе?" деп сұрақ қойды. Сенатор мұндай орынсыз мәлімдемені елемей, жауап бермеуге тырысатынын жеткізді.
"Егер СІМ жауап берсе, бұл орынды болады. Сыртқы істер министрлігі жауап берсе (жақсы – автор). Сондықтан мен мұндай сөзді елемейтін едім. Біз мемлекет басшылары мен мемлекеттің ресми пікірін назарға алуымыз керек", - деді Сергей Ершов.
Депутат Ресейге бірнеше рет барғанын және ресейлік әріптестерінен саясаткерлердің, тарихшылардың және медиа тұлғалардың Қазақстан туралы осындай мәлімдемесіне қалай қарайтынын сұрағанын айтты.
"Бізде де ақымақтар бар" деген сөз бар. Әрқайсының басынан ұрып отырмайсың ғой. Ресей біздің тарихымызды жақсы біледі. Онда да қазақтар бейбіт өмір сүріп жатыр. Мұнда біз – орыстар бейбіт ғұмыр кешіп жатырмыз. Әр ақымақ әрекетке жауап берсек... ", - деп сөзін түйіндеді сенатор.
Еске салайық, бұған дейін Сыртқы істер министрінің орынбасары ресейлік тарихшы Михаил Смолиннің даулы мәлімдемесіне қатысты өз ойын айтқан еді.
Айта кетейік, ресейлік тарихшы Михаил Смолин "Вездений" ток-шоуында 1917 жылғы революцияға дейін қазақ ұлты болмаған деп даулы мәлімдеме жасаған болатын.
"Қазақстан қалай пайда болды? Шын мәнінде РСФСР құрамында Қазақ ССР-і пайда болды. Демек, ешқандай қазақ деген ұлт болмаған... Мысалы, өзбек ұлты да революцияға дейін болмаған. Тіпті, өзбек деген этникалық атау болған жоқ. Орталық Азиядағы бірнеше ұлттан өзбек құралды. Тура солай, Әзербайжан ұлтын айтуға болады. Әзербайжан деген ұлт революцияға дейін болған емес. Ресей империясы өз жерін түрлі этникалық топтарға бөліп берді", - деді ол.
Аяз Есен
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz