Сенатор Геннадий Шиповских TikTok платформасын бұғаттауды ұсынды

Сенатор Геннадий Шиповских TikTok платформасын бұғаттауды ұсынды
Фото: Tengrinews.kz

Сенатор Геннадий Шиповских Үкімет басшысы Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында Қазақстандағы TikTok әлеуметтік желісін реттеуді күшейту керектігі туралы мәселе көтеріп, қажет болған жағдайда платформаны бұғаттауды ұсынды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутаттың пікірінше, балалардың психикасы мен жалпы денсаулығына теріс әсер ететін, сондай-ақ киберқауіпсіздік пен деректердің құпиялылығына қауіп төндіретін бейнекөріністер платформада кеңінен таралуда. Геннадий Шиповских Франция, Канада, Қырғызстан сияқты көптеген елдер TikTok-ты пайдалануды шектеу жөнінде шаралар қабылдағанын атап өтті.

«TikTok платформасы экстремизмді, радикализмді, сепаратизмді, шектен тыс қауіпті және моральдық құндылықтарға қайшы контенттерді анықтау және шектеу бойынша нақты алгоритмді ұсынуы керек. Сондай-ақ TikTok платформасы жас балаларды онлайн қауіпті контенттен қорғау мақсатында YouTube Kids секілді балаларға арналған арнайы желі ұсынуы тиіс», – деді ол.

Сенатордың сөзінше, 13 жасқа толмаған балалар TikTok-қа ата-анасының телефонынан кірген жағдайда Face ID технологиясы арқылы бұғаттау механизмін қарастыру керек.

 «Олай болмаған жағдайда елімізде TikTok платформасын бұғаттауды сұраймыз. Бұл мәселелердің шешімін табу ел азаматтарының денсаулығын және моральдық құндылықтарын сақтап қалуға, сондай-ақ жастар арасында таралып жатқан қауіпті әдеттерді азайтуға бағытталған қадам болмақ», – деді сенатор Геннадий Шиповских.

Бұған дейін бұл мәселені кімдер көтерді?

Қазақстанда TikTok-ты бұғаттау туралы ұсыныстар бірнеше шенеуніктер мен депутаттар тарапынан көтерілді. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрі болған кезде – платформаның балалар мен жасөспірімдерге әсерін зерттеу қажеттілігі туралы пікір білдіріп, олардың мазмұнды дұрыс басқаруы қажет екенін атап өтті. Дегенмен ол толық бұғаттау емес, бақылау мен шектеулерді ұсынды.

 Мәжіліс депутаты Динара Зәкиеваның мәлімдемелері осы мәселеде маңызды рөл атқарды. Ол TikTok платформасының жастарға тигізетін теріс әсеріне алаңдаушылық білдіріп, платформадағы қауіпті мазмұнды қадағалап, шектеу қою мәселесін қарастыруды ұсынды. Бақыт Сыздықова, бұрынғы мәжіліс депутаты және қоғам белсендісі, TikTok платформасы арқылы тарайтын теріс ақпарат пен жалған жаңалықтардың қоғамға әсерін сынап, оны бұғаттау немесе шектеу туралы бастаманы көтергендердің бірі болды.

 TikTok толықтай бұғатталған және шектеу қойылған елдер 

Фото ©REUTERS

TikTok Қазақстанға шамамен 2018 жылы келді. Бұл қосымша алғашында Қытайда Douyin деген атаумен іске қосылып, 2016 жылы әлемдік нарыққа TikTok атауымен шықты. TikTok-ты толық бұғаттаған елдер – Үндістан, Ауғанстан, Пәкістан мен Индонезия. Бірақ бұл елдердің кейбірінде платформа кейін шектеулермен қайта ашылды. TikTok АҚШ-та толықтай бұғатталмағанымен, ұлттық қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылықтар бар. 2020 жылы TikTok-ты бұғаттау туралы талқылау болғанымен, нақты шешім қабылданбады, бірақ кейбір штаттарда мемлекеттік қызметкерлерге оны пайдалануға шектеулер қойылды. Кейбір Еуропа елдерінде TikTok-ты мемлекеттік қызметкерлердің қолдануына шектеулер қойылған, бұл да деректердің құпиялылығына байланысты.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

А. Бақдаулет