• 502.15
  • 490.7
  • 5.71

Сенат үшінші тұлғалардың сәлемдеме алуына рұқсат беретін заңды мақұлдады

Сенат үшінші тұлғалардың сәлемдеме алуына рұқсат беретін заңды мақұлдады
Фото: depositphotos.com

2024 жылғы 30 қаңтарда Сенат депутаттары "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне байланыс қызметтерін көрсету, мемлекеттік сатып алулар, көлік және пошта мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сенатор Әлібек Наутиевтің сөзінше, заң пошта қызметі, мемлекеттік қызметтер көрсету, сауда кемелерімен жүзу саласындағы заңнаманы жетілдіруге, сондай-ақ мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. 

"Заңмен Қазақстан Республикасының 2 кодексі мен 7 заңына түзетулер енгізіледі. Пошта саласындағы заңнаманы жетілдіру аясында келесі нормалар қарастырылған. Жыл сайын пошта жәшіктері арқылы жіберілетін қарапайым хаттардың көлемі төмендеуіне байланысты, пошта жәшіктеріне қатысты ережелер алынып тасталады. Сонымен қатар заң аясында ғимараттар мен көппәтерлі тұрғын үйлерде поштаматтарды орналастыру мәселелері реттеледі. Айта кету керек, заңда абоненттік жәшіктерге қатысты нормалар сақталады. Пошта операторлары қызметтерін пайдаланушылардың ыңғайлылығы үшін сәлемдемені үшінші тұлғаға беруге рұқсат беру ұсынылады, ол үшін алушының келісімі ПИН-код немесе QR-код сканері арқылы алынуы мүмкін", - деді ол.

Сенатордың айтуынша, ұлттық оператор - "Қазпошта" АҚ-ға дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тасымалдау және сақтау құқығы беріледі.

"Заңмен "декларацияланған құны бар пошта жөнелтілімі" ұғымы енгізіледі және мұндай жөнелтілімдерге қатысты пошта операторларының жауапкершілік шарттары нақтыланады. Сонымен қатар субсидиялау механизмін жетілдіру мақсатында байланыс саласындағы әмбебап қызметтер тізімінен тіркелмейтін бандероль мен пошталық ашық хаттарды жіберу қызметтері алынып тасталады. Осылайша, бұл қызметтер енді субсидияланбайды, өйткені олар өзектілігін жоғалтқан. Айта кету керек, соңғы бес жылда мемлекеттің әмбебап қызметтерді субсидиялау көлемі 3,4 млрд теңгеден 654 млн теңгеге дейін қысқарды. Заңға сәйкес, жергілікті атқарушы органдарға пошта байланысы бөлімшелерін сақтау шараларын қабылдау құзыреті беріледі. "Қазпошта" бөлімшелерді жабу туралы шешім қабылдаған кезде әкімдіктерді жоспарланған жабылу күнінен кемінде үш ай бұрын хабардар етуге міндетті", - деп толықтырды Әлібек Наутиев.

Оның айтуынша, "Қазпошта" деректері бойынша, Қазақстанда 2834 пошта бөлімшесі жұмыс істейді.

"Олардың 2054-і ауылдық жерлерде орналасқан, бірақ ауылдағы бөлімшелердің көбі шығынды. Бұл норма жергілікті атқарушы органдарға пошта инфрақұрылымын сақтау бойынша шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ұлттық заңнаманы халықаралық реттеу стандарттарына сәйкестендіру мақсатында "декларацияланған құны бар пошта жөнелтілімі" ұғымы енгізіледі. Бұған қоса, мемлекет тарапынан ақпараттық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған нормалар қарастырылған, атап айтқанда, мемлекеттік органдардың сымсыз байланыс арналарының техникалық қорғалуы және мемлекеттік қолдау шараларын цифрландыру мақсатында "әлеуметтік әмиян" жобасын бекіту жөніндегі нормалар көзделеді", - деді сенатор.

Бұған дейін Қазақстанда электрондық сауданы дамыту мақсатында мультимодальды қоймалар қай жерде салынатыны белгілі болған еді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

А. Бақдаулет