Сенат депутаттары палатаның пленарлық отырысында 2025-2027 жылдарға арналған Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы заңды мақұлдады. Құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жіберілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшерін:
2025 жылға - 2 000 000 000 мың теңге;
2026 жылға - 2 000 000 000 мың теңге;
2027 жылға - 2 000 000 000 мың теңге көлемінде бекіту.
Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына мұнай секторы ұйымдарынан түсетін түсімдер бойынша мұнайдың 2025-2027 жылдарға кесімді баға мөлшерін:
2025 жылға - барреліне 42,3 АҚШ доллары;
2026 жылға - барреліне 41,0 АҚШ доллары;
2027 жылға - барреліне 39,4 АҚШ доллары көлемінде белгілеу.
"Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан кепілдендірілген трансферт республикалық бюджетке мемлекеттік міндеттемелерді орындау жөніндегі шығыстарды қамтамасыз ету үшін жіберілетін болады. Заңның қабылдануы республикалық бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге және Ұлттық қордың тұрақтандыру функциясын іске асыруға мүмкіндік береді", - делінген қорытындыда.
Айта кетейік, 4 қыркүйек ҚР Парламенті Мәжілісінде "2025-2027 жылдарға арналған Ұлттық қордан республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферт туралы" және "2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобалары таныстырылған болатын. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында республикалық бюджетке кірістер лайықты деңгейде орындалмай жатқанын айтты.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!