Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Таразиді 90 жасқа толуымен құттықтап, әлеуметтік желідегі парақшада жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жазушының мерейтойы аясында ұйымдастырылған "Толғауы 90 Тарази" атты іс-шарада Сенат Төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
"Қазақта әдебиетсүйер қауымның жүрек төрінен еркін орын алып, қалың оқырманның ықыласына бөленген қаламгерлер аз емес. Солардың бірі де бірегейі биыл торқалы тоқсан жасқа толып отырған көрнекті жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Тарази екені анық.Мемлекет басшысы атап өткендей, Әкім Тарази қоғамға сыни көзқараспен қарап, замандастарының кескін-келбетін шынайы суреттеп, барша адамзатты толғандырған мәселелерге жұрт назарын аудара білген жазушы. Шын мәнінде, Әкім ағаның әр туындысы – әдебиетіміздің алтын қорына қосылған қымбат қазына. Мұстафа Шоқайдың өмір жолына арналған іргелі туынды да біртуар тұлғаның ұлт тарихындағы орнын жаңа қырынан тануға жол ашты. Сондай-ақ Әкім Таразидің бірегей пьесалары қазақ театрын жаңа белеске шығаруға үлкен үлес қосқанын айта кеткен абзал. Жазушының қай шығармасын алып қарасақ та ұлттық рухқа табан тірейтінін аңғарамыз. Елдік мүддені көздейтін мұндай туындылар ешқашан ескірмейді және қай кезеңде де оқырманын жоғалтпайды", - деп жазды ол.
Мәулен Әшімбаев жазушыға зор денсаулық тілеп, халық ықыласына кенеле беруіне тілеулестігін білдірді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!