Сенат спикері қазақстандық шенеуніктердің Дубайдағы жылжымайтын мүліктері туралы айтты

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев қазақстандық шенеуніктердің Дубайда жылжымайтын мүліктері бар екені туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Журналистер Сенат кулуарында Әшімбаевтан БАҚ-та жарияланған БАӘ-дегі жылжымайтын мүлікке миллиондаған доллар салған қазақстандық саясаткерлер мен олардың туыстарына қатысты зерттеулерді зерттеп-зерделеді ме деп сұрады.

"Өзім оны оқыған жоқпын, басқа дереккөздердегі пікірлерді көрдім. Түсінгенім бойынша, бұл сұрақты Бас прокуратураның активтерді қайтару жөніндегі комитетінің төрағасына қойғансыздар. Олар бұл сұраққа жан-жақты жауап бере алады деп ойлаймын. Активтерді қайтару комитеті төрағасының айтуынша, бұл мәселе қарастырылып жатыр. Егер активтер заңсыз шығарылса, олар тиісті тізімге енгізіледі", - деп жауап берді Мәулен Әшімбаев журналистердің сұрағына.

Сенат спикерінің сөзінше, активтерді заңсыз шығару фактілері дәлелденсе, онда бұл қаражаттың қандай жолмен алынғанын уәкілетті органдар анықтайды.

"Заңға сәйкес тиісті шешімдер қабылданады. Сол себепті бәрі заң жүзінде болады. Сонымен қатар, менің білуімше, 1500-ге жуық қазақстандықтың Дубайда түрлі мүлкі бар. Бірақ олардың бәрін айыптау артық болар. Олардың арасында заңды жолмен табыс тауып, мүлікке ие болған кәсіпкерлер де болуы мүмкін. Сондықтан мұның барлығын заң аясында тиісті комитет қарайды. Бұл сұрақтарды Бас прокуратураға қойған дұрыс болар еді", - деді Әшімбаев.

Еске салайық, бұған дейін Дубайда дүние-мүліктері бар қазақстандық шенеуніктерге қатысты тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлаған едік. Бұл туралы ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев айтты.

"Бірқатар шенеуніктің заңсыз мүлік жинақтауы мен шетелде жасырынып жүрген тұлғаларға қатысты тергеу амалдары БАӘ-мен бірлесіп жүргізіліп жатыр. Мұндай тергеулер ұзақ уақытты керек етеді, кейбір процесс бір жылдан астам уақытқа созылуы мүмкін", - деді ол сол кезде.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!