Бүгін ҚР Парламенті Сенатының пленарлық отырысында "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Заң жобасына сәйкес, азаматтарға медициналық қызметтің 2 түрлі пакеті ұсынылады: біріншісі - республикалық бюджеттен қаржыландырылатын медициналық көмектің мемлекет кепілдендірген көлемін ұсынатын базалық пакет. Ол Қазақстанның барша азаматтары үшін қолжетімді болады. Пакеттің құрамына жедел-жәрдем қызметі, санитарлық авиация, әлеуметтік маңызды ауруларға, сондай-ақ төтенше жағдайларда, профилактикалық екпе кезінде көрсетілетін медициналық көмек кіреді.
Екіншісі - жаңадан құрылатын медициналық сақтандыру Қоры ұсынатын сақтандыру пакеті. Оған амбулаторлық-емханалық көмек, стационарлық көмек, стационарлық көмекті алмастыратын көмек, қалпына келтіру емдік шаралары, медициналық реабилитация, паллиативтік көмек және мейірбикелік қарау мен жоғарғы технологиялық көмек кіреді.
Сонымен қатар, мемлекет экономикалық белсенділігі төмен халық үшін жарна төлейтін болады. Жұмыс берушілер жалдамалы жұмысшылар үшін төлейді, ал қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін өздері төлейтін болады.
Айта кетейік, елімізде құрылатын әлеуметтік медициналық сақтандыру Қорының құрылтайы әрі жалғыз акционері ҚР Үкіметі болады. Бұл жүйеге аударылатын жарна мөлшерлемелерімен мына жерде танысуға болады.
Сонымен қатар, әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады, олар: балалар, "Алтын алқа", "Күміс алқа" иегерлері, бұрын "Батыр Ана" атағын алғандар, сонымен қатар I және II дәрежелі "Аналық даңқ" орденімен марапатталған көпбалалы аналар, ҰОС ардагерлері мен мүгедектері, мүгедектер, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар, интернат мекемелерінде оқытылып, тәрбиеленіп жатқан тұлғалар, техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғарғы білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімдерде, сонымен қатар резидентура формасындағы ЖОО кейін білім алып жатқан тұлғалар. Бұл тізімде бала тууға, бала асырап алуға, 3 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалыстағы тұлғалар да бар, сонымен қатар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, іс жүзінде 3 жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған жұмыссыз азаматтар, зейнеткерлер, әскери қызметкерлер, арнаулы мемлекеттік қызмет жұмыскерлері, құқық қорғау органдарының жұмыскерлері, ең төменгі деңгейдегі қауіпсіздік мекемелерін есептемегенде сот шешімімен ҚАЖ мекемелерінде айыбын өтеушілер мен уақытша ұстау изоляторлары мен тергеу изоляторларындағы азаматтар жарна төлеуден босатылады.