Сенат депутаты футбол туралы арнайы заң әзірлеуді ұсынды

Парламент Сенатының отырысында депутат Дархан Қыдырәлі Қазақстан футболына қатысты бірқатар мәселелерді көтеріп, Антикор мен прокуратураның салаға тексеріс жүргізуін сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сенатордың сөзінше, соңғы кездері қазақстандық футболдың айналасында дау-дамай күшейіп, жанкүйерлер арасында терең наразылық туындап отыр.

"Биылғы ел чемпионаты тәуелсіздік жылдарындағы ең даулы маусымдардың біріне айналған. "Атырау-Ақтөбе" және "Атырау-Астана" матчтарында соңғы минуттарда белгіленген пенальтилер ойын тағдырын шешіп, көпшілік арасында үлкен резонанс туғызды. Осы жағдайлардан кейін төрешілердің әрекетіне ешқандай шара қолданылмады. Қазіргі уақытта федерация аясындағы матчтарға 155 төреші қызмет етеді екен. Алайда оларды оқыту бағытындағы жұмыстар көңіл көншітпейді. Әлем чемпионатында төрелік ететін бір төреші шығара алмауымыз соның көрінісі", - деді Дархан Қыдырәлі.

Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерімен қоса ауылдық жерлерде балалар футболын қолдау мәселелері әлі шешілмей отыр.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде спорт резервін әзірлеу үстінде балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептері негізгі рөл атқаруына назар аударып, олардың жұмысын жүйелеу жөнінде тапсырма берген еді. Алайда еліміздегі балалар футболын қолдау мәселесі шешілмеген жайттар көп. Ауылдарда футбол мектептері тұрмақ, мини футбол алаңдары жоқтың қасы. Президент тапсырмасы қашан орындалады?", - дейді депутат.

"30 ЖЫЛДА ЕКІ СТАДИОН САЛЫНҒАН"

Сонымен бірге депутат футбол инфрақұрылымында да күрделі мәселелердің барын айта кетті.

"Елімізде осы 30 жылда екі стадион ғана салынған екен. Алайда қомақты сомаға салынған соның екеуі де, небәрі бір ойыннан кейін жабылып қалған "Түркістан Арена" да, "Астана Арена" да қайта күрделі жөндеуден өтті. Қалған стадиондар ескі көбі УЕФА талаптарының ең төменгі деңгейіне де сай келмейді. Ал кейбір өңірлер жыл аралап тозығы жеткен стадиондарын қайта күрделі жөндеуден өткізеді. Оның орнына осы қыруар қаржыға әрбір облыс орталығында талапқа сай стадиондар неге салынбайды?", - дейді сенатор.  

Бюджет қаражатының жұмсалуы туралы және бапкерлер мен легионердің айлығы туралы ақпарат ашық айтылмайтынын жеткізді.

"Командасы қарсыластар қақпасына бір гол сала алмай антирекорд жасап отырғанына қарамастан, Еуропаның топ құрамалары бапкерлерінен біразынан көбірек жалақы алатын ұлттық құраманың бас бапкерінің айлығы құпия. Көпшілігі жергілікті бюджетке байлаулы футбол клубтарындағы легионерлердің айлықтары да ашық айтылмайды. Осы ретте легионерлер лимит жоқ, биыл алынып тасталған. Кейде алаңда 11 шетелдік ойыншы жүреді.

ОТАНДЫҚ ФУТБОЛДЫҢ ЖЫЛДЫҚ БЮДЖЕТІ ЖАЙЛЫ

"Қазақстан футбол Федерациясының жылдық бюджеті 10 млрд теңге екен. Бұл қаражат қайда, қалай жұмсалып жатқаны туралы ашық мәлімет жоқ. Өңірлік филиалдарға 3-5 млн теңгеден бөлінетінін ескерсек, қалған қаражаттың есебі бар ма?", - дейді Дархан Қыдырәлі.

Депутаттың сөзінше, әлемнің көптеген елдерінде футболға қатысты заңдар қабылданып, бұл спорт саласы ашық және жүйелі түрде басқарылып келеді. Қазақстанда да осы саладағы жүйесіздік пен қаржының жұмсалу тиімділігін бағалайтын арнайы футбол туралы заң қабылдаудың уақыты келгенін мәлімдейді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!