Мемлекет басшысы Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері атты биылғы Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жайында кеңінен айтты. Осыған байланысты өңір-өңірлерде АӨК-ді дамытуға бағытталған жұмыстар жасалып жатыр. Соның ішінде, 8-аймақтағы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасының аясында жасалған жұмыстармен танысу үшін сенат депутаттары іссапарға шықты. Негізінде, Қазақстанда бұған дейін де агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға байланысты арнайы бекітілген стратегиялық жоспарлар мен бағдарламалар бар. Осындай бағдарламалардың бірі Агробизнес 2020. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруда Жамбыл облысы көш басында. Облыс басшылығы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, ауылшаруашылық өнімдерін өндіру, мал шаруашылығын, ет шаруашылығын өндіруге баса назар аударады. Осыған байланысты, бүгінгі таңда Жамбыл облысының экономикалық, әлеуметтік ахуалы жақсарып келеді. Ауыл шаруашылығын дамытуда жетекші өңірлердің қатарына кіретін аталған облысқа сенат депутаттары Мұратбай Жолдасбаев пен Абдалы Нұралиев арнайы барып, облыстағы аудандарды аралап қайтты. Меркіге табан тіреген депутаттар Меркі ет комбинатында болып, кәсіпорындағы жұмыс барысымен танысты. Күн сайын бұл мекемеде шамамен 1500 қой, 250-300 ірі қара мал сойылады.Комбинат өнімдерін Иран, Бахрейн елдеріне де экспорттайды. Комбинаттың вице-президенті Сұлтан Әлиасқаровтың айтуынша, былтыр аталған екі мемлекетке 214 тонна ет жебірілген. Ал биыл бұл көрсеткіш 360 тоннаға дейін артқан. Мекеме басшылары, жыл соңына дейін 1000 тонна ет экспорттауды жоспарлап отыр. Меркіден шыққан сенаторлар Трансфер, Сыпатай батыр шаруа қожалықтарының егіс алқаптарымен танысты. Одан кейін, Тұрар Рысқұлов ауданындағы жылқы және ірі қара малдарын бордақылаумен айналысатын Сүйін шаруа қожалығына барды. Аяна балабақшасы, Шәушен шаруа қожалығы, Шолақтау тау-кен өңдеу кешенінің жұмысымен танысқан халық қалаулылары жұмыс сапарын Тараз қаласында аяқтады.