• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Сенат Әділет министрін судьялық қызметінен босатты

Сенат  Әділет министрін судьялық қызметінен босатты
Фото: gov.kz

Жаңа Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев енді Конституциялық соттың судьясы емес. Сенат депутаттары оны осы лауазымынан босатты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

 
"Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдарының комитеті өз отырысында Сенат тағайындаған Конституциялық Сот судьясының өкілеттігін тоқтату және оны қызметінен босатуға ұсынылған кандидатураны алдын ала талқылап, нәтижесі бойынша қорытынды шығарды. "Конституциялық Соты туралы" Конституциялық заңының 9-бабы 1-тармағы 1-тармақшасына, Сенат регламентіне сәйкес, комитет Сенатқа Конституциялық Сотының судьясы Сәрсембаев Ерлан Жақсылықұлының өкілеттігін тоқтатуды және оны қызметінен босатуды ұсынады", - деді сенатор Нұрлан Бекназаров.

Конституциялық заңнама және сот жүйесі комитеті өзінің қорытындысында Сенатқа Сәрсембаевтың судья ретіндегі өкілеттігін тоқтату ұсынысын берді. Депутаттар ұсынысты қолдап дауыс берді.

Министр туралы

Айта кетейік, Ерлан Сәрсембаев 2023 жылдың қаңтарынан бастап Конституциялық соттың судьясы болды. Ресми мәліметке сәйкес, Ерлан Сәрсембаев 1975 жылы дүниеге келген. Алматы энергетика және байланыс институтын, Дінмұхамед Қонаев атындағы гуманитарлық университетті бітірген.

Еңбек жолы: 2002-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Кеңсесінің консультанты, сектор меңгерушісі.

2005-2011 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты аппаратының бөлім меңгерушісінің орынбасары, бөлім меңгерушісі.

2011-2016 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік органдарында басшылық қызметтерде болған.

2016-2017 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты аппаратының бөлім меңгерушісі.

2017-2019 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты аппаратының жетекші орынбасары.

2019-2022 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты аппаратының бөлім меңгерушісі.

2025 жылдың 9 қаңтарында Ерлан Сәрсембаев Қазақстан Республикасы Әділет министрі болып тағайындалды. Бұл қызметте ол Азамат Есқараевты алмастырды. Ал 15 қаңтарда жаңа министр Қазақстан халқына ант берді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Бақдаулет
Logotype Massaget