- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Сені туғанша тумағаным...
"Сені туғанша тумағаным артық еді". Шымкент ауруханасында баласын аяусыз ұрған әйел видеоға түсіп қалды
Шымкенттегі ауруханалардың бірінде баласын аяусыз ұрып жатқан әйелдің видеосы тарады. Жантүршігерлік кадрларды жергілікті тұрғын Instagram-парақшасында жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Видеодан әйел адам ауруханада баласын басқа әйелдердің көзінше ұрып, былапыт сөздер айтып жатқанын көруге болады. Әйел адам баласының жылап жатқанына да мән бермейді. "Сені туғанша тумағаным артық еді", - дейді видеодағы әйел.
Видео Желіде тарап кеткеннен кейін ауруханаға Шымкенттің бала құқықтары жөніндегі уәкілі Жаннета Жазықбаева келді. Оның сөзінше, әйел адам немере ағасына тұрмысқа шыққан екен. Қан араласып, екеуінің екі баласы қайтыс болып кеткен, біреуіне балалардың церебральды сал ауруы деген диагноз қойылған. Әйел адам видеоға түсіп қалған әрекетін түсіндірген. Оның сөзінше, әйел баланы байқамай ұрып жіберген.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Баланы не үшін ұрдыңыз" деп сұрағанымда ол байқамай ұрып жібергенін айтты. "Қалай байқамай ұрып жібересіз?" деп едім, оған сол сәтте біреу хабарласып қалғанын айтты. Сөйтіп, бала жылап кеткен. Ол әйелдің бес баласы болған екен, екеуі қайтыс болған. Бірінші баласы құсығына шашалып өлген, екінші дұрыс жетілмей қайтыс болған", - дейді Жаннета Жазықбаева.
Оқиға Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасында болған. Ауруханада бұл дерек бойынша тексеріс жүріп жатыр. Бастапқыда бала өкпе ауруына байланысты ауруханаға түскен. Бүгінде баланың жағдайы орташа, хаттама бойынша ем қабылдап жатыр.
"Бала 16 қарашада пневмониямен түскен. Бөлім басшысы бұл жағдай туралы хабардар. Ол баланың анасымен түсіндіру жұмыстарын жүргізді, әйелге психологиялық көмек көрсетілді. Баланың денесі көгермеген", - дейді Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу бөлімі бойынша орынбасары Қаламқас Даумбаева.
Шымкенттің Полиция департаменті өкілдері бұл жайтқа қатысты пікір білдірді. Бұл дерек бойынша Қаратау ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері тексеру жүргізді. Бейнежазбада көрсетілген азаматша анықталып, әйелден түсініктеме алынды.
Полиция қызметкерлері және Білім басқармасының қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің мамандары азаматшамен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінде бұл жайт бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина