- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Сен шықтың арғылау...
"Сен шықтың арғылау бөлмеден" - "Пәк қыз" өлеңінің авторы кім?
"Қараңғы, тыныштық өңгерген" деп басталатын өлеңді естіген шығарсыз. Желіде бұл ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың "Пәк қыз" өлеңі деп тараған. Бірақ бұл өлеңнің Мұқағали Мақатаевқа қатысы жоқ. Massaget.kz тілшісі өлеңнің авторы Аслан Қаженовпен сөйлесті.
Google-ға өлеңнің кез келген жолын жазсаңыз, "Мұқағали - Пәк қыз" деп шығады.
Халық арасында, Қазнетте де бұл өлеңнің авторы Мұқағали Мақатаев деген жалған ұғым пайда болған.
Ал өлең авторы - журналист Аслан Қаженов. Ол бұл өлеңді 2-курста оқып жүргенде, 2009-2010 жылы жазғанын айтады. Өлең "Туалеттегі туынды" деген кітабында жарық көріпті.
"Одан кейін "Аслания.ру" деген сайтымыз болған, өлеңді соған салдым. Артынша, Олжас деген жігіт өлеңді керемет даусымен оқып, аудио қылып таратты. Ол кезде қазіргідей WhatsApp секілді мессенджерлер жоқ, тек агент болды-ау деймін. Оның үстіне, интернет те бәрінде бірдей болмады. Сөйтіп, өлең агентте тарап жүрді.
Бірде жұмыста бастығым тыңдатты, "Әзіл өлең екен" дейді. Авторы мен екенімді білмейді, өзіме тыңдатып тұр сонда. Кейін Instagram, Facebook дамыған кезде бұл "Мұқағалидің өлеңі" деп айтыла бастады", - дейді Аслан.
Фото: Аслан Қаженовтің Facebook-парақшасынан
"Туалеттегі туынды" деген кітап 500 данамен шығып, 500 теңгеден сатылған екен.
"Қазір де кей адам сол кітабымды сұрайды, бірақ қолымда жоқ. Біреулерде сақталып қалыпты. Тек баспаға берген электрон нұсқасы бар. Өлеңнің негізгі атауы - "Алғаш барғанда". Бұлай хит болады деп ойлаған жоқпын, жай жаза салғанмын. Жинағымда 100-ден аса өлеңім бар. Неге екенін білмеймін, осы өлең тарап кетті. Керемет шабыттанып та жазған өлең емес еді. Әзіл үшін жаза салғанмын", - дейді ол.
Ол "Алғаш барғанда" деген секілді өлеңдерді неге жаза бастағанын түсіндірді.
"Ақын Балтабек Нұрғалиев деген досым шетел әдебиеттерін оқытатын. Жапонның Кобо Абэ, орыстың Даниил Хармс секілді ақындарын оқығанмын. Сондай туындыларды да қазақ әдебиетіне әкелу керек деп ойлайтынбыз, сөйтіп, эротикалық өлеңдер жазып жүрдік. Бізде ондай жоқ қой негізі. Соның буымен шыққан өлең еді. "Туалеттегі туынды" деген кітабымда ондай өлең көп.
Кейін осы және басқа да эротикалық өлеңдерді "Қоқыс жәшігі" деген кітабыма қосып шығардым. Әдейі қосамын. Себебі кітаптарды өзім шығарып, өзім сатамын. Ал сатылуы үшін осындай өлеңдер керек, маркетинг қой бір жағы", - дейді ол.
@massaget.kz #пәкқыз#мұқағалимақатаев#қазақстан#казахстан#махаббат#рек#хочуврек ♬ оригинальный звук - Massaget.kz
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Е. Төлеш