Семейде тоғыз жыл бұрын жоғалған бір жарым жастағы қыздың туыстары баланы қайта іздеуді сұрап отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сол кезде 24 жастағы әйел күйеуімен ұрысып қалғаннан кейін қызын үйінің маңындағы Ертіс өзеніне батырып жібергенін мойындаған. Кейін өзі де суға кетпек болғанымен, райынан қайтқан.
Баланың әкесі сол түні шынында да әйелі екеуінің арасында жанжал болғанын айтқан. Оқиғаны естігеннен кейін ол бірден өзенге секіріп, қызын іздемек болған. Алайда өзі де суға батып кете жаздаған.
Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған, күдікті әйел ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған. Бірақ аяғында ешкім жауапқа тартылмаған. Баланы полиция да, құтқарушылар да таба алмаған. Қайғыны көтере алмаған әкесі кейін қайтыс болған.
Жақында қыздың туыстары іс материалдарымен танысу үшін қайтадан полицияға жүгінді. Құқық қорғау органдары әзірге толық мәлімет бермеді. Қазір тоғыз жыл бұрынғы оқиға қайта қаралып жатыр.
"Ол баланы суға батырдым дейді. Біз оған сенбейміз. Біреуге сатып жіберді, әлде біреуге беріп жіберді деп ойлаймыз. Іс біраз уақыттан бері архивте жатқан. Менің ағам да бес жыл бұрын қайтыс болды. Біздің Айшаны тауып берсе екен деп сұраймыз", - деді қыздың тәтесі Зарина Серікбосинова.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz