Семейде темір жол қызметкерлерін бопсалаған блогерге сот үкімі шықты. 34 жастағы азамат енді алдағы үш жарым жылын темір торда өткізеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Жергілікті тұрғын екі жыл бойы жолсеріктерді қорқытып-үркітіп, өзінің қалтасын қампайтып отырған. Семей арқылы қатынайтын жолаушылар пойызына мініп, қызметкерлерді масқаралайтын бейнематериалдарды түсірумен айналысқан. Кейін өзін "блогер" және "қоғам қайраткері" ретінде таныстырып, "әлеуметтік желіге жариялаймын" деп қорқытқан.
Осыдан үрейі ұшқандар бейнематериалдарды жою үшін ақша беруге мәжбүр болған. Бопсалаушы блогер екі жылда 10 миллион теңгеден астам ақша алғаны анықталды. Оның жымысқы әрекетінен 25 жолсерік зардап шеккен. Кінәсі толық дәлелденген блогер енді үш жарым жыл түрмеде отырып, жәбірленушілердің шығынын толық өтеуге міндеттелді.
"ҚР Қылмыстық кодексінің 58-бабы 3-бөлігі бойынша үш жыл алты ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жаза қылмыстық атқару жүйесінің орта, орташа қауіпсіздік мекемесінде өтелсін. Жаза мерзімі үкім заңды күшіне енгеннен кейін есептелсін", - деді Семей қаласының №2 сотының судьясы Ержан Әубәкіров.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!