Семейде жақында ғана шартты жазасы нақты мерзімге ауыстырылған сотталушы серуендеу кезінде уақытша ұстау изоляторынан қашып кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл ақпарат алғашында әлеуметтік желіде тарады. Кейінірек Абай облысы Полиция департаменті бұл жайтты растады.
"Серуендеу кезінде сотталушы уақытша ұстау изоляторы аумағынан заңсыз шығып кеткен. Дереу ұйымдастырылған іздестіру шаралары нәтижесінде оның жүрген жері анықталды. Ол ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деді Абай облысы ПД баспасөз қызметі өкілі.
Бұл дерек бойынша қызметтік тексеріс тағайындалған.
Ұсталған адам бұған дейін көлік ұрлағаны және зорлық-зомбылық жасағаны үшін сотталған. Ол маусымда жазаны өтеу талаптарын бірнеше рет бұзған, сондықтан сот оның жазасының өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырған.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!