Семейде сотта балалар үйінде тәрбиеленген егіздің сыңары сотқа жүгінген

Семейде балалар үйінде тәрбиеленген егіздерді мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне бір нөмірмен тіркеп, кейін тек бір бауырына бір бөлмелі пәтер берген. Ал екіншісін отбасы мүшесі ретінде көрсеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Абай облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Семей қаласының тұрғыны 2001-2011 жылдары егіз бауырымен бірге ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған көмекші мектеп-интернатта тәрбиеленіп, білім алған.

Жергілікті атқарушы орган егіздерді мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне бір нөмірмен тіркеген.

Кейіннен бір бөлмелі пәтер тек бір бауырына беріліп, екіншісі отбасы мүшесі ретінде көрсетілген.

Семей қаласының Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі соңғысының кезекке қайта қосылу туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан.

Талап қоюшы бұл шешіммен келіспей, Абай облысының МАӘС-на өзінің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру туралы жүгінген.

"Сот істі қарау барысында әрбір ата-анасының қамқорлығынсыз қалған әр баланың мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға құқылы екенін атап көрсеткен. Мемлекеттік органның талап қоюшының баспанасы бар деген дәлелі сотпен қабылданбады, себебі онымен тұрғын үйді жалдау шарты жасалмағаны, ал пәтер талап қоюшының бауырына берілгені анықталды", - делінген хабарламада.

Талап қоюшының жалға алушының отбасы мүшесі ретінде пәтерге қоныстану құқығы оның ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу конституциялық құқығын жүзеге асырмайды.

Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған екі баланы бір нөмірмен есепке қою мемлекеттік органның қолданыстағы заңнаманы бұзғаны болып саналады.

Сот талап қоюды қанағаттандырып, Семей қаласының Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімін 2008 жылғы 6 маусымнан бастап ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша баспана алу кезегіне қоюды қалпына келтіруге міндеттеді.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!