Семейде Жаңа жылдық шыршаны безендірген мұғалім биіктен құлады. Зардап шеккен педагогтың қазіргі жағдайы белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Желіде осы оқиғаға қатысты видео тарады. Желі қолданушысы зардап шеккен мұғалім 4-5 метрлік биіктен құлап, қазір бас жарақатымен өте ауыр халде, жансақтау бөлімінде жатқанын айтады.
"Ол - Семей қаласының ақыны, қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі. Олар неге мұғалім ретінде барып, алаңдағы шыршаны безендіріп, құруы керек? Неге байғұс мұғалімдерді жұмыстан тыс уақытта шақырып алып, өте қауіпті жұмысты істеткен?!" - дейді видео авторы.
Денсаулық сақтау басқармасының Massaget.kz-ке берген жауабына сүйенсек, зардап шеккен адамның жағдайы тұрақты.
"Медицина қызметкерлері тәулік бойы бақылауды және қажет ем шараларын жалғастырып жатыр", - деп жазылған ведомство жауабында.
Сондай-ақ Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері мұғалім жансақтау бөлімінде емес, палатада жатқанын айтты.
Абай облысы Білім басқармасының мәліметінше, бұл дерекке қатысты қызметтік тексеріс басталған.
"Семей қаласында мұғалімдерді Жаңа жылдық шыршаны безендіруге тарту дерегі бойынша барлық мән-жайды анықтау үшін қызметтік тексеріс басталды. Заң талаптарын бұзуға жол берген лауазымды тұлғалар тиісті жауапкершілікке тартылады", - деп жазылған хабарламада.
21 желтоқсанда Семей қаласында Қуат Айтқалиев есімді мұғалім биіктен құлаған. Бұл жағдай туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты. Шенеунік бұл әрекетті "заңбұзушылық" деп атап, жағдай бақылауда екенін мәлімдеді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!