Семейде шырша құрамын деп биіктен құлаған мұғалімнің қазіргі жағдайы белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Абай облыстық Білім басқармасының Massaget.kz-ке берген жауабына сүйенсек, 21 желтоқсан мен 5 қаңтар аралығында Қуат Айтқалиев Семей қаласының № 1 емханасында ем алған.
"6 қаңтарда учаскелік дәрігердің бақылауымен ауруханадан үйіне шығарылды. Қазір Қуат Айтқалиевтің жағдайы қанағаттанарлық, әл-ауқаты жақсы. Үш айдан кейін екінші ота жоспарланып отыр", - деп жазылған жауапта.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев та жаңа жылдық шыршаны безендіру кезінде зардап шеккен семейлік мұғалімнің жағдайы туралы айтты.
"Әрі қарай да әріптесімізге қалпына келуіне көмектесеміз, қолдау көрсетеміз", - деді шенеунік.
Министр осы оқиғадан кейін қандай жауапты тұлғалар тәртіптік жазаға тартылғанын айтты.
"Қала әкімінің орынбасары сөгіс алды. Білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылды. Үш директор тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Осы бағытта өтемақы төлеу бойынша жұмыс жалғасып жатыр", - деді ол.
21 желтоқсанда Семей қаласында Қуат Айтқалиев есімді мұғалім шырша құрамын деп биіктен құлаған. Бұл жағдай туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты. Шенеунік бұл әрекетті "заңбұзушылық" деп атап, жағдай бақылауда екенін мәлімдеді.
Кейінірек Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері мұғалім жансақтау бөлімінде емес, палатада жатқанын, жағдайы тұрақты екенін айтты.
Бұл мәселе Мәжіліс мінберінде де көтерілді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз